БҚО соттарына бірінші тоқсанда 4654 арыз түсіп, 3653 іс қозғалған
Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, облыстық соттың судьясы Болат Нұғманов сот төрелігін атқарудың сапасы жөнінде хабарлама жасады. Оның айтуынша, биылғы бірінші тоқсанда облыс соттарына 4654 арыз (өткен жылы осы мерзімде - 4779) түсіп, сол бойынша 3653 іс (3906) қозғалған.
Облыс соттары үш айда 3694 істің өндірісін аяқтаған, бұл өткен жылғыдан (3946) 252-ге немесе 6,5 пайызға аз. Шығарылған шешімдер саны да 2761-ден 2430-ке түсіп, 331-ге немесе 12 пайызға қысқарған.
Азаматтық істердің көпшілігі Орал қалалық №2 сотының (2299 іс), мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (406) және Бөрлі аудандық сотының (208) үлесіне тиеді.
Облыстық соттың апелляциялық сот алқасының төрағасы Мирамбек Нағашыбаевтың сөзіне қарағанда, бірінші тоқсанда 347 адамға қатысты 333 қылмыстық іс қаралып, соның ішінде 184 іс бойынша 224 адамға үкім шығарылған. Соның ішінде үш адам ақталған. 120 адамға қатысты 112 іс қысқартылған. Сотталғандардың 16-сы немесе 7,2 пайызы жасөспірімдер болса, 15-і - әйелдер.
«Медиация туралы» заңға сәйкес облыста биыл 38 қылмыстық іс қаралған, өткен жылы бұл мерзімде мұндай бірде-бір іс қаралмаған болатын.