БҚО спортшылары республикалық жарыстарда 250-ден астам медальді жеңіп алды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін - Спорт күні. Осы орайда батысқазақстандық спортшылар да жеңіс биігінен көріне білуде.
None
None

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекеттің айтуынша, биылғы жеті айда облыс спортшылары әлем және Азия чемпионаты, әлем кубогы кезеңі сынды ресми халықаралық жарыстарда 10 медальді жеңіп алды. Оған қоса ел чемпионаты мен республикалық турнирлерде 250-ден астам жүлдені иеленді. Тарата айтқанда, ел біріншіліктерінде 222, республикалық, халықаралық турнирлерде 51 медальға қол жеткізді. Әсіресе, жас боксшы Назым Ищанованы ерекше атауға болады. Ол Тайландта өткен жастар арасындағы әлем біріншілігінде жартылай финалда атақты американдық боксшыға жол беріп, қола жүлдені иеленді. Бокстың олимпиадалық спорт түрі екендігін ескерсек, Назымның жетер биіктері алда деп ойлаймыз. Сол сияқты Андрей Смирнов отыз тоғыз жасында Тәжікстанда аралас жекпе-жектен өткен Азия чемпионатында топ жарды. Жас шахматшы Жанат Сайын оқушылар арасында өткен әлем чемпионатының абсолютті жеңімпазы атанып, бір қуантып тастады. Параолимпиадалық ойын түрлерінен де жүлде алғандар аз болған жоқ. Бұл батысқазақстандық спортшылардың табыс шыңына талмай өрмелеп келе жатқандығын көрсетеді. Алдағы басты мақсат - келесі жылы Рио-де-Жанейро қаласында өтетін олимпиадалық ойындар жолдамаларын жеңіп алып, онда барынша сәтті өнер көрсету.

Айта кетейік, өңірде өз денесін шынықтырып, спортпен айналысушылар қатары жылма-жыл артып келеді. Мысалы, олардың саны өткен жылы жалпы тұрғындардың 22 пайызын құраса, биылғы шілдеге дейін 23,9 пайызға (150287 адамға) жетті. Елбасының салауатты өмір салтын орнықтырып, халықтың басым бөлігін спортқа тарту туралы тапсырмасына сәйкес алдағы уақытта бұл көрсеткішті 30 пайызға дейін жеткізу көзделуде. Мемлекет басшысының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында айтылғанындай, «Мәңгілік елге» жету үшін алдымен халықтың дені сау болуы керек. Ол үшін, әрине, спортпен тынбай шұғылдану қажет екендігі белгілі.

Облыста барлығы 1535 спорт нысаны жұмыс жасайды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум