БҚО: Сырым ауданында ауған соғысына қатысушы жауынгерлерге арналған ескерткіш ашылды

Аудан әкімі Руслан Сапарғалиевтің атап өткеніндей, аталмыш ескерткіш болашақ ұрпақтың бойына патриоттық тәрбие берумен қатар, ағалар ерлігіне тәу етер орынға айналары анық.
Ескерткіштің ашылу рәсіміне Орал, Ақсай, Ақтөбе қалаларынан меймандар арнайы келді. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Қ. Мақанов пен ата-аналар атынан сөз алған Н. Сұлтанғалиеваның лебіздерінен кейін, жыл сайынғы дәстүр бойынша әскер қатарына шақырылған жас Отан қорғаушыларды салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Қазіргі кезде Ақтөбеде тұратын аудан түлегі, ауған соғысына қатысып, аман оралған Бекболат Бұзаубақов сол соғыста қаза тапқандардың есімі мәңгі ұмытылмайтынын атап өтті. Қыршын кеткендердің бірі Аманжол Ғұсмановтың әкесі Қуанышқали ұлы туралы естелігімен бөлісті.
Ескерткіштің ашылу рәсімінде патриоттық әндер шырқалды.