БҚО театры жиырмасыншы маусымын бастайды

ОРАЛ. 17 қазан. ҚазАқпарат - 21 қазан, жексенбі күні облыстық қазақ драма театрының биылғы 20-сыншы жаңа маусымы ашылады. Мерейлі маусымның көрерменге ұсынар алғашқы тартуы - театрдың төлқұжатына айналған Иран-Ғайыптың «Махамбет» қойылымы.
None
None

Театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ардақ Мұратқызының хабарлағанындай, өнер ұжымы биылғы маусымда да жаңа қойылымдарымен көрермен көңілінен шықпақ. Театр режиссерлары Мұқан Томанов, Сердеш Қажымұратов және басқа да қойылым қойып үлгерген әртістер алдағы айда тың комедиялық, драмалық туындыларды көрермен талқысына ұсынады.

Күні кеше Ақ Жайық өңірінде дүркіреп өткен Ә.Мәмбетовтің 80 жылдығына арналған республикалық театрлар фестивалінде ең үздік қойылымдарды сахналаған суреткерлерді шақыру жоспарланып отыр. Жұртшылық, мәселен, фестивальда «Ең үздік режиссер» атанған Маңғыстау облыстық қазақ драма театрының бас режиссері, «Тарлан» сыйлығының иегері Гүлсина Мерғалиеваның қойылымын тамашалай алады.

Театр кішкентай көрермендерін де ұмытпайды. Жаңа маусымда балалар Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Орынбор облыстық қуыршақ театрының актер-режиссері Рамиль Рахимов қоятын «Ақымақ арыстан» атты ертегіге шақырту алады.

Сондай-ақ театр сахнасында 28 қазан күні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актриса Қарлығаш Асқарованың 60 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтеді.

Соңғы жаңалықтар