БҚО театрында жаңа ертегі қойылды

Әр бала өзінің сүйікті ойыншықтарымен тілдесіп, сөйлесіп, тіпті сырласып, аракідік ұрсып, тәртіпке шақырып та жатады. Олардың ойынша, әр ойыншықтың жаны бар және олар иесі жоқта тіріліп, өз бетінше өмір сүреді. Бұл ертегі - осындай бала қиялының боямасыз айғағы. Басты идея - кішкентай көрермендерді ойыншықтарын қиратып-қиып, кесіп-тесіп, ойына келгенін жасайтын Сид сияқты сотқар бала болмай, Эндидай жүрегі таза, мейірімді, жақсылыққа құштар жан болуға үндеу.
Еркіннің бұл тырнақалды туындысы театр қоржынындағы балалар қойылымдарының қатарына қосылған жаңа, заманауи ертегі десе де болады. Қойылым бала-көрерменнің қазіргі сұранысына, түсінігіне лайықталып қойылған. Бояуы қанық, түске бай сахна декорациясы мен кейіпкерлердің қонымды, көздің жауын алатындай әдемі киімдерінде суретші Юля Довганьның үлкен еңбегі бар.
Ертегідегі әр кейіпкер үшін жандары ашып, олармен бірге күліп, бірге үрейленіп, залда отырып дауыстап дем беріп, оқиғаға еніп кеткен балғын көрермендер қойылым соңында қай ойыншықтың көбірек ұнағанын жарыса айтып тарасты.