БҚО: Жаңақала ауданында тұңғыш рет медресе ашылды (ФОТО)
Оның ашылу рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының БҚО бойынша өкіл имамы Руслан қажы Сұлтанов арнайы қатысып, аудандағы тұңғыш медресенің қадамына сәттілік тіледі.
Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдиновтің атап өткеніндей, өткен ай соңында ауданда үш бірдей жаңа мектеп пайдалануға берілсе, енді, міне, халықтың сауатын ашуға бағытталған медресе іске қосылып отыр. Құранда білімді болу - әр мұсылманның парызы деп айтылған. Бұл қағида өзінің маңызын ешқашан жоғалтпайды. Дінді терең біліп, түсінетін, жүрегінде иманы бар адам қоғам мен мемлекетке жақсылық әкеледі. Сол себепті аудан тұрғындары осында келіп, діни сауатын көтерсе, одан ешкімнің де ұтылмайтыны анық. Әсіресе, жастардың жат ағымдардың жетегінде кетпеуі үшін мұндай орындар өте қажет.
Аталмыш медресенің іргетасы өткен жылдың мамыр айында қаланған болатын. Оның құрылысына жергілікті кәсіпкерлер қолдау көрсетіп, қаржылай және материалмен өз үлестерін қосты.
Ауданның бас имамы Мұратбек қажы Жахатовтың айтуынша, соңғы кезде діни бағыттағы жұмысқа ерекше мән берілуде. Айталық, бұдан бірнеше күн бұрын аудан прокуратурасы, ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Жастар жарқын болашақ үшін» атты колледж, мектептер шәкірттерімен, ұстаздармен кездесу өткізілді. 380 адам қатысқан жиында арнайы дәріс оқылып, бейнероликтер көрсетілді. Сондай-ақ Құрбан айт мейрамы кезінде құрбан шалынып қана қоймай, халық арасында веложарыс, қазақ күресі, гір тасын көтеру, қол күресі сынды спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.