Блогер Әділетхан Молдаханды қамауда ұстау мерзімі 2 айға ұзартылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Әділетхан Молдахан
Фото: instagram / adiletkhan

Қалалық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде соттың санкциясымен оған екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылғанын мәлімдеді.

– Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Полиция жалған ақпаратты тарату заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді, - делінген мәлімдемеде.

Еске салайық, Алматыда 1 миллионнан астам оқырманы бар блогер Әділетхан Молдахан ұсталғанын жазғанбыз. Полиция оған қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Блогер әлеуметтік желіде құқықтық саладағы бейнежазбаларымен танымал. Әсіресе, оның Әл-Фараби даңғылында болған жол апаты жайлы жариялаған бейнежазбалары желіде кеңінен тарады. 

Бұған дейін сот қаулысымен оған 10 тәулік мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған болатын.

Соңғы жаңалықтар