Бөкей ордасы тарихи-музейлік кешенінде Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай нақты жұмыстар атқарылуда

ОРАЛ. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 2011 жылы тойланатын Бөкей хандығының 210 жылдығы, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы және Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай Бөкей ордасы тарихи-музейлік кешенінде ғылыми-зерттеу жұмыстары кеңінен жүргізілуде.
None
None

Аталмыш кешен директорының ғылым жөніндегі орынбасары Назымгүл Оразгелдиеваның ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, «тұңғыштардың мекені» аталған өңірдің тарихы жөнінде осы күнге дейін аз зерттеліп, аз жазылған жоқ. Дегенмен шежіресі бай елдің дамуына, тұлғаларына қатысты жетіспейтін деректер баршылық. Тарих бетіндегі ақтаңдақтарды толтыру мақсатында кешен әкімшілігі кезінде Ресеймен тығыз байланыста өмір сүрген бөкейліктер жөнінде деректерді көршілес мемлекет мұрағаттарынан алдыру бағытында жұмыстануда. Өткен жылдың желтоқсан айында Бөкей ордасы тарихи-музейлік кешені қызметкерлері Астрахан қаласындағы облыстық мұрағат, кітапханаларында жұмыс жасап, Бөкей ордасындағы жеке тұлғаларға қатысты, жер қатынастары, экономикалық, әлеуметтік жағдайлар, білім беру, мал шаруашылығы, сот қызметі жөнінде деректер әкеліп, қорды толықтыра түсті. Биыл да осы бағыттағы ізденіс жұмыстары жалғасын тауып, келесі іссапарлар Орынбор, Санкт-Петербург қалаларына жоспарлануда.

Қазақстан Тәуелсіздігінің мерейтойын бөкейордалықтар да жаңаша жағдайда қарсы алмақ. Кешен құрамындағы «Тәуелсіздік музейі» осы күнге дейін Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі 10 жыл ішіндегі жетістіктерін баяндап келді. Енді уақыт талабына сай бүгінгі таңда өткен 20 жылдың шежіресін бейнелейтін жаңа экспозиция жасақтаудың қажеттілігі туындап отыр. Осы бағытта кешеннің арнайы тобы жұмыстанып, музейді қайта жасақтауға даярлық үстінде.

Кезек күттірмейтін істердің бірі - Ұлы Жеңістің 65 жылдығына әзірлік. Бөкейліктер үшін бұл жеңістің маңызы өте зор, өйткені Батыс Қазақстан облысының Орда мен Жәнібек аудандары 1941 жылғы қазан айының 26-ында соғыс жағдайына келтірілген еді. Оған майдан шебінің жақындауы, соған орай неміс авиациясының екі аудан жері арқылы сол тұста Сталинград майданын тылмен жалғап тұрған Орал-Рязань теміржолын жиі шабуылдауы негіз болған. Айта кетерлік жайт, осындай бір кезекті әуе шабуылынан кейін, Сталинград майданынан шығып келе жатқан Қызыл Тулы Гатчинск атқыштар дивизиясының жауынгерлері тиелген эшелон 1942 жылғы қазан айының 3-і күні Сайқын станциясы маңында бомбаланып, түгелге жуық қаза тапты. Оқиға болған жерден табылған кисет, мүштек, дәрі, иіссу құйылған құты сынды жауынгерлердің жеке заттары бүгінде Бөкей ордасы тарихы музейінің экспозициясында орналасқан.

Ұлы Отан соғысына қатысушылар жөнінде материалдар жинақтау, хабарсыз кеткендердің, ұмытылғандардың есімдерін жаңғырту, кешен қорын материалдармен толықтырып, оларды зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында Бөкей ордасы тарихи-музейлік кешенінде арнайы жұмыс тобы құрылды. Топ үш деңгейден тұратын арнайы жоспар бойынша жұмыс жасауда. Алдымен ауыл адамдарымен байланысып, деректер жинақтау, майдангерлер мен тыл ардагерлерінің естелік әңгімелерін жазып алу жолға қойылса, екінші деңгей - аудандық мұрағаттардан материал алу. Тарихи деректерге қарағанда, Бөкей ордасы ауданынан Ұлы Отан соғысына 4613 адам аттанған, олардың 1408-і қаза тапса, 1410-ы хабарсыз кетті, ал 206-сы соғыста алған ауыр жарақаттан қайтыс болды. Соғысқа қатысушылар, қаза тапқаны, елге оралғаны, хабарсыз кеткендері жөнінде деректерді аудан орталығы Сайқындағы, көршілес Жалпақтал, Жаңақала, Жәнібектегі қорғаныс істері жөніндегі бөлімдерінен алу көзделді, өйткені сарбаздар кезінде әскерге осы бөлімдер арқылы алынған.

Алғашқы іссапар Бөкей ордасы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен басталды. Нәтижесінде 1941-1945 жылдардағы соғыс кезінде Бөкей ордасынан Отан қорғауға аттанған ордалықтар жөнінде мәліметтер көп екені анықталып, бөлім мұрағатында материал жинау жұмыстары тыңғылықты атқарылуда. Деректер негізінен жылдар бойынша майданға аттанғандардың тізімі және тіркеу карталарынан тұрады. Іздестіру-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде соғысқа қатысушылардың толық тізімі анықталмақ.

Жоспардың үшінші деңгейі бойынша «Боздақтар», «Зерде» кітаптарындағы хабарсыз кеткендердің тізімі мұрағаттардан алынған деректермен салыстырылады, ғылыми ізденіс жұмыстары жүргізіліп, тізім нақтылана түседі. Соғыс кезінде тұтқынға түскен жерлестер тізімін жасау да жоспарланып отыр.

«Нәтижесінде мұрағаттардан алынған деректер Бөкей ордасы өлкесінің тарихын толықтырады, музейге келушілердің мәлімет алу мүмкіндігі молаяды. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында жаңа есімдер аталып, Ұлы Жеңіс мерекесіне орай көлемді көрме ұйымдастырылмақ», дейді Н.Оразгелдиева.

Соңғы жаңалықтар