Бөкейордалық тұрғындар аудан әкімі Р.Кариннің есебін оң бағалады

Өткен жылы Бөкей хандығының 210 жылдығы аясында біраз өрелі істер атқарылды. 24 ақпан күні аудан әкімі Рахман Карин жұртшылық алдында есеп беріп, оған облыс басшысы Нұрлан Ноғаев қатысты.
Аудан әкімі осыған дейін жасалған жұмыстарды саралап, Елбасы Жолдауы мен тапсырмаларына сәйкес алда тұрған міндеттерді атап көрсетті. Бөкей ордасы негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Биылғы қыста қардың көптігі малды ауылдарды қатты алаңдатып отыр. Алыс елді мекендерді айтпағанда, жол жөндейтін мекеменің жоқтығынан округтерде жол аршудың өзі мұңға айналды. Соңғы жылдары облыстың бұрынғы басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қолдауымен аудан орталығы Сайқын, сондай-ақ тарихи Хан ордасы, Бисен ауылдарына табиғи газ жеткізілді. Дегенмен әлі де шешілмеген мәселелер аз емес. Әсіресе, облыс орталығымен байланыстыратын қатқыл табанды жолдың жоқтығы Кеңес дәуірінен бері ескі «жырға» айналғанымен, әзірге түйіні тарқатылатын түрі жоқ. Сондықтан сайқындық зейнеткер Чарлз Қойшыбаев облыс орталығымен арадағы теміржол қатынасын қайта қалпына келтіру, полигоннан зардап шеккендерге берілетін өтемақыны көтеру қажеттігін алға тартты. Капустин Яр, Азғыр полигондарында жасалған әскери сынақтар зардабын жергілікті тұрғындар әлі күнге тартып келеді.
Жиында сөйлеген «Рауан» шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Серік Мұханбетшин, А.Құсайынов атындағы орта мектеп директоры Мәстура Хабиева және басқалар өз ұсыныс-тілектерін білдіріп, аудан әкімінің есебін оң бағалады.
Кездесуде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев аудан басшысының атқарған істерін, бірқатар маңызды мәселелердің қатерге алынатынын атап өтіп, жиналысқа қатысушылардың сауалдарына жауап берді.