Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы Бүкіләлемдік бокс академиясында оқу-жаттығу жиынын өткізуде
Ұлттық құрама үшін жаңа маусым Бүкіләлемдік бокс академиясында «Төрт құраманың кездесуі» атты турнирден басталады. Оның алдында Беларусь құрамасымен бірлескен жаттығулар өтеді. «Төрт құрама кездесуі» турниріне қазақстандықтардан басқа, Беларусь пен Ресей құрама командалары қатысады. Төртінші команда әлі анықталу үстінде.
Осы сайыстардан кейін ұлттық құрама Венгрия, Болгария, Хорватия, Әзербайжан, Польша және Финляндия елдерінде өтетін халықаралық турнирлерге қатысады. Олардың ішінде ең маңызды сайыстар - шілде айының басында Тайландта өтетін Азия біріншігі мен қазан айында Катарда өтетін Әлем біріншілігі.
Бүкіләлемдік бокс академиясына жақын маңда, Байтерек кентінде орналасқан (бұрынғы Новоалексеевка) келесі базада «Астана Арланс» командасының оқу-жаттығу жиыны өтуде. «Арландар» WSB жобасының алдағы 17 қаңтарда басталатын жаңа маусымына дайындалуда. Бұл күні «Астана Арланс» Венесуэланың «Caciques Venezuela» командасымен қолғап түйістіреді. Бәйтеректе сонымен қатар, APB жобасына қатысатын 4 боксшы дайындалу үстінде. Олар: Әлем чемпионы Біржан Жақыпов, Азия ойындарының жеңімпазы Ілияс Сүлейменов, Әлем чемпионатының жүлдегері Берік Әбдірахманов және Азия ойындарының жеңімпазы Антон Пинчук. APB бойынша финалдық кездесулер қаңтар айының соңы мен ақпан айының басында өтеді.
Ал Бүкіләлемдік бокс академиясында жаттығып жүргендер арасында Әлем чемпионы Данияр Елеусінов, команда капитаны Жәнібек Әлімханұлы, Олимпиада ойындарының жүлдегері Иван Дычко, Әлем біріншілігінің жүлдегері Қайрат Ералиев, Азия ойындарының чемпионы, Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов және басқа да жаңадан келген боксшылар бар. Жиын 18 күнге созылады.
Жаттығулардың қалай өтіп жатқандығы жайында ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов өз ойымен бөліскен еді.
«Тау бөктерлеріне жорықтар жасап тұрамыз. Боксшылар суға шомылады, тренажерлерде, залда жаттығады, жұп болып жұмыс істейді және жүгіреді. Тауға жасалатын жорықтар 45 минуттан екі сағатқа дейін созылады. Ал кроссқа жүгіру уақыты 45 минуттан 60 минутқа дейін барады. Апта сайын қашықтықты ұзартып отырамыз. Ең соңында жжігіттер ойлы-қырлы жерлермен 90 минут бойы жүгіреді. Олар күнара жарты сағаттан бассейнге шомылады. Команда құрамының жартысы тәжірибелі жігіттер ғой. Құрамада жүргендеріне бірнеше жыл болған. Ал жаңадан келгендер де кезінде жасөспірімдер, жастар құрама командасында болып келгендер. Тәртіпті жақсы түсінеді. Ал енді олардың бабында екендіктері турнирлерде белгілі болады», - деді өз сөзінде М. Айтжанов.