15:47, 12 Наурыз 2009 | GMT +5
Болашағы бар кәсіпорындарға мемлекеттен қолдау көрсету қажет - М.Көпей
АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Әлемдік дағдарыс әлі ауыздықталған жоқ. Оның құлдырау шегі әлі алдыда. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясының жетекшілерімен кездесуі барысында Сенат төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпей айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, Халықаралық валюта қоры қаңтар айында әлемдік экономиканың өсу болжамын 2009 жылы 0,5 пайызға, 2010 жылы 0,3 пайызға теңеп, бұның екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі мерзімдегі ең төменгі көрсеткіш болатындығын айтқан. «Ал өткен жылдың қараша айында осы көрсеткіштерді 2,2 пайыз болады деген хабарлар таратылды. Бұдан шығатын қорытынды - дағдарыстың алдағы уақытта қалайша өрбитінін ешкім де дөп басып айта алмайды. Оның құлдырау шегі әлі де алда болуы мүмкін. Сондықтан бізге бір сәтке де босаңсуға болмайды. Керісінше, «Нұр Отан» партиясы жергілікті атқарушы органдардың жұмысын талдауды күшейтуі қажет», дейді сенатор. Оның пікірінше, елдегі кәсіпорындар мен қаржылық компанияларды ортамерзімдік өміршеңдігіне қарай бөле отырып, олардың келешегі барларына мемлекеттен көмек көрсету қажет. «Сонымен қатар, Жолдауда көрсетілгендей жұмысшыларды басқа мамандықтарға оқытып, жаңа жұмыс орындарын ашу қажет. Бұл бүкіл нұротандықтардың басты міндеті», деді М.Көпей.