Болашағын қазақ топырағымен байланыстырған екі ұлт өкілінің қазақ тілінде тілдескені - Қазақстандағы келісім мен бірліктің салтанат құрғанының дәлелі – Л.Хочиева

АНА. 6 мамыр. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қашанда татулықты ту еткен халқымыздың күш-қуаты жер жүзіне бірлігі арқылы танылды.
None
None

Өйткені достығы жарасқан, ынтымағы мықты ел әрдайым дараланып тұрады. Ұлттар арасындағы және діндер арасындағы татулық Қазақстан үшін келелі тақырып және бұл құндылықтар елдің негізгі байлығы болып қала бермек. Осы орайда өте нәзік әрі сезімтал осы қарым-қатынастардың өрісінің кеңейіп, қаймағы бұзылмауына қамқоршы болып жүрген бірегей институт - Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Людмила Хочиевамен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

- Людмила Хисақызы, биыл 1 Мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні жаңа сипатта - Қазақ жерін мекен еткен барлық ұлт өкілдерінің ауқымды шеруімен атап өтілді. Мереке бұрынғы Кеңестік дәуірде де кеңінен тойланып келді ғой. Сол кездегі мереке мен қазіргі меркенің арасында қандай айырмашылықтар бар?

- Кеңестік дәуірден аталып келе жатқан көктем мерекесі, сол заманда дүниеге келіп, ержеткен біздердің, әрине, есімізде. Бұл мерекенің тәуелсіз Қазақстанда халқының бірлігі күні ретінде ерекше тойлануының бір шарты мүмкін, наурыздың соңын ала келе, айнала гүлдеп, ағаштар гүл шашып жаңарған шақпен тұспа тұс келуінде болар. Табиғатпен бірге жаңарған болмысымыздың бір белгісі халықтар бірлігі, достығы емес пе?! Кеңестік мамыр айының шерулі мерекесінен гөрі, егеменді еліміздің жаңарған мерекесі жаныма жақын, қуанышты естеліктерімді осымен байланыстырамын. Мерекенің басты мақсаты -Қазақстан халқын ұйытып, бір мақсат биігінде шоғырландыру болар. Құдайға шүкір, қолжеткен жетістіктеріміз бар, еркін еліміз бар. Ортақ мереке халқымыздың рухын биіктетеді деп ойлаймын.

- Білуімізше, Сіз қарашай-балқарлардың «Минги -Тау» этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі болып табыласыз. Бірлестіктің Қазақстандағы жұмысы туралы әңгімелеп берсеңіз.

- Қарашай-балқарлардың «Минги-Тау» этно-мәдени бірлестігінің жұмыс істеп жатқанына он жылдан астам уақыт өтті. Мен Солтүстік Кавказдан қазақ топырағына еріксіз жер ауып келіп, жазалы болған балқарлардың үшінші ұрпағымын. Менің қандас бауырларымның осы жерге тамырланып, тілі, салт-дәстүрлері ұқсас діндес қазақ ағайындармен араласып-құраласып бірге тұрып жатқандарына жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Осы жылдары атқарылған істер жетерлік. Бүгінде болашағын қазақ жұртымен, қазақ елімен байланыстырған Қазақстан балқарлары өз таңдауын жасады. 40-жылдардың қиын-қыстау кезеңдерінен басталған халқымның жаңа тарихы беттелді. Талай сынақтардан қатар өткен, рухани мұрасына еркін бойлауына еркі жеткен халық, өзін қазақ елінің бір тумасындай сезінді. Бұл, ең алдымен, Елбасымыздың сындарлы саясатының жемісі деп ойлаймын.

- Өткен сәуір айында Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен Астанада 17-ші рет Қазақстан халқы Асамблеясының сессиясы өтті. Сіздің пікіріңізше, Қазақстан қоғамындағы ҚХА-ның рөлі мен маңызы қандай?

- Жиырма жыл бойында шаңырағы шайқалмаған бірлігіміз көп жұртқа бұйырмаған байлық. Әлемде теңдесі жоқ, жаңа институт осы жылдар көлемінде қоғамның саяси өмірінен орын алып, этникааралық қатынаста таптырмайтын құрал, халықтар достығының жаңа модулі екенін дәлелдеді. ҚХА төрағасы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы кезекті ХVІІ сессияда алдағы уақыттағы бағыт-бағдарымызды яғни, 2020 жылға дейінгі стратегиямызды айқындап, жаңа міндеттерді жария етті. Оның алдында "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" Заң қабылданды, Ел бірлігі доктринасы қабылданды. Мұның бәрі біздің мақсат-мүдделерімізді қайта жаңғыртып, жаңа заман дамуының талабына сай стратегиямызды да анықтауды қажет етті. Мақсатымыз бен міндеттеріміздің жаңа сипаты ашылды. Алғашқы кезеңде этностардың бірігуі мен олардың өзін-өзі танып, ұлттық мұраларын игеруіне маңыз берілді, бұл міндет толық атқарылды. Енді қазіргі идеологиямызға сәйкес бұдан да терең, бүкіл қазақстандықтар үшін маңызды жаңа қырға көтерілдік. Ел бірлігі алға шықты. Бұл жетістіктер ҚХА қызметі шеңберінде жүзеге асырылып жатыр.

- Қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілі ретінде Елбасының ҚХА сессиясында айтқан: «Мемлекеттік тілді білу - қазақстандықтарды жақындастырады», - деген пікірімен келісетін шығарсыз?

- Елбасы сессия мінберінен мәлімдегендей: «Байтақ мекенде баршаңызды біріктіре түсетін ортақ құндылықтар бар. Ол - біздің талайлы тағдырымызды тұтастыратын шежірелі тарихымыз, ол - біздің байтақ мұрамыз бен қазығы берік мемлекеттік тіліміз»,- деді. Осы ретте Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға жеткізу біздің міндетіміз екендігін атап көрсетті. Қазақстанда тұратын этностарға өз ана тілін оқып-үйренуге, мәдени құндылықтарын меңгеруге барлық мүмкіндіктер жасалған. Жексенбілік мектептердің жұмысын айтпағанның өзінде ұлттық мектептер жұмыс істейді. Өздерін танып, мұраларын жинап, этнос болып қалыптасқан, болашағын қазақ топырағымен байланыстырған екі ұлт өкілінің қазақ тілінде тілдескені - Қазақстандағы ұлт саясатының, келісім мен бірліктің салтанат құрған сәтінің дәлелі дер едім.

- Жаңылмасам, бүгінгі зияткер жастарды бір арнаған тоғыстырған - «Бай-Барыс» клубы Сіздің бастамаңызбен құрылды. Клуб туралы толығырақ айтып берсеңіз.

- Жұмыс барысында, түрлі кездесулер өтіп жатады. Қазіргі заманғы жастардың көзқарастары, олардың патриоттық сезімдері мен өршіл ойлары мені қызықтырады. Бұлар Тәуелсіз еліміздің жастары, егемен еліміздің армандары мен үміттері. Осы жастар қоғам өмірінен тысқары қалмауы керек деп ойлаймын. Зияткер жастардың басын құраған «Бай-Барыс» клубы мүшелерінің басымы шетелде білім алып келген жастар. Мақсатымыз - жас өрендерді демократиялық, интеллектуалды, бәсекеге барынша қабілетті және мәдени- әлеуметтік қоғам құру процесіне тарту, Қазақстанның болашақ басқарушылар элитасын қалыптастыру. Қазіргі жастарды тыңдауын тыңдаймыз-ақ, бірақ өкінішке қарай, оларды кейде түсіне алмай жатамыз. Қоғамның саяси-әлеуметтік өміріне араласқысы келіп, талпынған жастар көптеген кедергілерге кедеседі. Клуб негізін қалағанда осы мәселерді ескеріп, жастардың күшін бір бағытқа бағыттауды мақсат еттік. Нәтижесін уақыт көрсетеді.

- Біршама уақыт бұрын Парламент депутаттары Петропавлдың атауын Қызылжарға өзгерту бастамасын көтерген болатын. Жергілікті деңгейде шешілуі тиіс мәселе ұлттық деңгейге неге шығып кетті деп ойлайсыз?

- Қазақстанда жер-су аттары бойынша өзгерістер еліміздің заңдылықтарына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл мәселені ең алдымен қалалық мәслихат қарауы керек. Шешім қабылдаған соң, министрліктің ономастика жөніндегі комиссиясына жолдауы тиіс. Өйткені біз құқықтық мемлекетпіз, сондықтан бәрі заң аясында шешімін тапса ғана, ешкім өкпелемейді. Қызылжар-Петропавл атауына қатысты мәселенің қозғалып келе жатқанына біраз уақыт болды. Отқа май тамызып, бұл мәселені дүркін-дүркін көтеріп қою әдетке айналды. Бұл жергілікті әкімшілктің халықпен кеңесе келе бітіретін шаруасы. Меніңше, бұл ең алдымен, тарихшылардың жұмысы. Петропавл атауы берілгенше елді мекен қандай болып еді? Қызылжар деп неге аталды? Атаудың өзі қайдан шықты? Осы мәселелерді тарихшылар жақсылап зерттеп, нәтижесін халықтың да, биліктің де көзі жететіндей етіп түсіндіріп беруі керек. Өйткені бұл өте нәзік мәселе. Қандай атаумен аталса да, халықтың арасын ажыратпай, сол халықтың тұтасуына қызмет етуі керек.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар