«Болашақ» бағдарламасы бойынша жоғары білімі бар кез-келген азамат білім алып, біліктілігін арттыра алады - БҚО

Елбасының бастамасымен құрылған «Болашақ» бағдарламасына биыл 20 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында бағдарлама бойынша 9250 стипендия бөлінсе, қазіргі таңда әлемнің 33 елінің 200 университетінде 2796 стипендиат білім алуда. 2011 жылы «Болашақ» стипендиясын 2015 жылға дейін дамытудың жоспары бекітіліп, оған РhD докторлары мен магистранттарын тарту көзделген. Одан бөлек ҚР Білім және ғылым министрлігі бағдарлама негізінде әртүрлі салада қызмет жасайтын мамандарға шетелде тәжірибе жинақтауға мүмкіндік туғызып отыр.
Жиында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның вице-президенті Ғалия Досмұхамбетова «Болашақ» бағдарламасы бойынша тек жастар ғана емес, талапқа сай келетін кез-келген азамат білім алып, біліктілігін арттыра алатынын атап өтті. Қазіргі уақытта ЖОО бітірген түлектер бағдарлама бойынша оқыса, медицина және ғылым қызметкерлері, педагогтар, инженер-техникалық кадрлар тағылымдамадан өте алады.
Кезінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов өнеркәсіп кәсіпорындарында еңбек ететін кадрларды оқытуға мән беру қажеттігіне баса назар аударды. Жас мамандар жоғары технологияға негізделген құрал-жабдық бойынша жұмыс жасау үшін соған сай білім болу керек.
Жиында мәлім болғанындай, «Болашақ» бағдарламасы бойынша құжат қабылдау жеңілдетілді. Енді бұл жұмыс жыл бойы дерлік, 18 ақпаннан 1 қазанға дейін жүргізіледі.