«Болашақ» стипендиаттары шалғай аудан оқушыларына сый жасады

Бөкей ордасы ауданының Сайхын және Хан ордасы ауылдарындағы балалар кітапханасына түрлі жанрдағы 60 кітапты тарту етті.
«Болашақ» стипендиаттарының батысқазақстандық көшбасшысы Ільяс Омаровтың айтуынша, бұл - ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына орай ұйымдастырылған «Балаларға кітап сыйла» акциясының шеңберіндегі алғашқы шара. Аталмыш филиал ағымдағы жылдың 28 наурызында құрылған болатын.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің тарихи-өлкетану мұражайында өткен кездесуде Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева ауыл балалары үшін қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі көркем әдебиеттің, ғылыми-фантастикалық шығармалар мен оқу-әдістемелік құралдардың жаңа оқу жылында айнымас серігіне айналарына сенім білдірді. Азаттықтың мерейлі мерейтойы қарсаңында ерекше қуанышқа бөлеген «болашақтықтарға» бөкейордалық өрендердің атынан алғыс айтты.