Болашақта болуы мүмкін кез-келген қауіп-қатердің алдын алу үшін біз қоғамды жұмырықтай біріктіре білуіміз керек - Н.Назарбаев

деді бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 15-ші сессиясында, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Баршаға мәлім, мен осыдан 20 жыл бұрын 21-ші ғасырдың алғашқы онжылдығы қаншалықты қиын болатындығын айтқанмын. Сондай-ақ «Дағдарыстың кілті» және «Бесінші жол» атты мақалаларымда бүгінгі дағдарыстың бүкіл жүйені қамтитындығын ескерткенмін. Бүгінде әлемге танымал деген ғалымдар мен сарапшылар және саясаткерлер жаһандық дағдарысты 3 түрлі бағытқа бөліп қарастыруда. Оның біріншісі - дағдарыс бір мезеттік. Яғни, ол өзінің шыңырау шегіне жетіп, қазір рецессиядан шығу процесі жүріп жатыр. Тағы бір бағыт - біз шыңырауға құладық және одан шығу үшін кемінде 10-15 жыл қажет.
Ал үшінші бағыт - қазіргі дағдарыс жүйелі, жаһанды қамтитын және созылмалы. Ол әлемдік әлеуметтік-экономикалық формацияға өзгеріс әкелуі мүмкін», деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі таңда сарапшылардың көпшілігі осы бағыттардың екіншісінің, болмаса, тіпті үшіншісінің дұрыстығын көп сөз етуде. «Осыған орай, бізді қазір
үлкен әрі жауапты міндеттер күтіп тұр. Мен осы жұмыстардың сәтті атқарылатынына және еліміздің дамуындағы маңызды қадамдардың бірі болатынына сенімдімін», деді Мемлекет басшысы Н.Назарбаев.