Болашақты бетке алған қоғамның денсаулық сақтау саласы да, құқық қорғау жүйесі де мінсіз болғаны ләзім

сондай-ақ Президент Жолдауында көрсетілген міндеттерді іске асыруға бағытталғанын атап өтті. Құжат Қазақстанның 2010-2024 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен сәйкестендірілген.
Бағдарлама сәтімен жүзеге асатын болса, азаматтардың денсаулықтарын айтарлықтай нығайтып, еліміздің әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз етіп, денсаулық сақтау саласының тиімді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік туады. Бағдарлама жобасының үкіметтің алдына ұсынылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Соған қарамастан құжатқа қатысты түрлі сала мамандары өздерінің пікірлерін білдіріп те үлгерді. Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың пікірінше, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы қолданысқа енетін болса, тұрғындардың денсаулықтарын қорғау деңгейі жетіле түседі. Бағдарлама еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудағы қарышты қадамдардың бірі болып отыр. Өйткені онда түрлі апатты жағдайларда медицина саласы қандай шаралармен айналысуы қажеттігі жөніндегі міндеттер нақты көрсетілген. Сондай-ақ бағдарламаның басты қасиеттерінің бірі - медициналық шұғыл қызмет авиациямен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл мақсатқа қомақты қаржы бөлу жағы да қарастырылған. Өз кезегінде бұл медициналық көмектің дер кезінде жетіп, азаматтарды өлімнен алып қалуға көп септігін тигізетін болады.
«Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының бас дәрігері М.Биғалиевтің пікірінше, кез-келген саладағы реформа тәуекелге келіп тіреледі. Ал «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы туралы бұлай деуге болмайды. Себебі құжатты жасаушылар онда алда тұрған ауқымды жұмыстардың мақсат-міндеттері мен бағыт-бағдарын нақты айқындаған. Атап айтқанда, онда саланы басқаруды жетілдіру, медициналық және фармацевтикалық білім берудің тиімділігін арттыру, инновациялық технологияларды жасау мен енгізуге бағытталған ғылымды дамыту және тағы басқа да мәселелер қамтылған. Бағдарламада оны тиімді жүзеге асыруға ықпал жасайтын тетіктер нақты көрініс тапқан. Сондай-ақ құжатта денсаулық сақтау саласы, мемлекеттің ұлттық экономикалық доктринасының бір бөлшегі екені айрықша атап көрсетілген. Демек, денсаулық сақтау саласы Қазақстан Республикасының Даму стратегиялық жоспарын іске асырудың аса маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырылып, Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, елдің стратегиялық мақсатта табысқа жетуінің басты кепілі болмақ. Бұл жайт практик дәрігерлер мен халық тарапынан қолдау тауып, сан-алуан меншік түрінің дамуы мен медициналық қызметтің өркениетті рыногын құруға мүмкіндік жасайды. Осыған қарай қазір бағдарлама еліміз тәуелсіздігін алған жылдардан бері көп айтылып, шешімін таба алмай келе жатқан медицина саласына қатысты көптеген мәселелердің шешілуіне ұйытқы болады деген үміт бар.
* * *
Биылғы жаз мезгілі ресейліктерге оңай тиген жоқ. Солтүстік көршіміздің орманды аймақтарын жайлаған аптап ыстық, үлкен апаттарға ұрындырды. Күннің ыстығынан тұтанған өрт оқиғалары Ресейдің көптеген қалаларын көк түтінге орады. Осының салдарынан әлемдегі алып мемлекеттің бірі саналатын Ресейдің өзі қазір өзгелердің көмегіне зәру болып отыр. Өрт оқиғалары жаз мезгілі басталып, жер құрғаған уақытта Қазақстанда да жиі орын алып тұрады. Десек те Ресейдегі жағдай бұл мәселеге байыппен қарап, сақтық шараларын алдын ала қолға алмаса, істің арты насырға шабатындығын көрсетті. Сондықтан болар, осы аптада үкімет өзінің мәжілістерінің бірін басқа емес тап осы мәселеге арнады.
Жиында жария етілген мәліметтерге қарағанда, Ресей өрт сөндіргіш бірнеше ұшағының болғанына қарамастан, тілсіз жауға ойдағыдай тосқауыл қоя алмады. Жаман айтпай жақсы жоқ, егер елімізде де осындай жағдай бола қалса, біз қайтпекпіз. Бұны жақсы түсінетін Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров мәжілісте БИ-200 амфибия ұшағының үшеуін сатып алу қажеттігін алға тартты. Оның сөзіне қарағанда, аталмыш ұшақтар Ресейдегі өрттерді сөндіру кезінде өзінің тиімділігін көрсеткен. Алайда оның бағасы бюджетке ауыр тиетін түрі бар. Әрқайсысы шамамен 25 миллион АҚШ долларын құрайтын 3 ұшақты сатып ала салу оңай емес. Сондықтан әзірге оның біреуін болса да сатып алып, Астана маңында ұстап тұру қажет. Министрліктің деректері бойынша, қазіргі таңда еліміздің төтенше жағдайлар саласында 238 техника бар. Алайда олардың көбі ескірген. Оларды жаңарту үшін тағы 20-25 миллиард теңге қажет. Ал мемлекет осыншама мол көлемдегі қаржыны аз мерзім ішінде бөліп бере алмайтыны белгілі. Олай болса, қалыптасқан проблеманы шешу үшін төтенше жағдайлар саласына жылына 3-4 миллиард теңге бөліп отыру қажет.
Министрліктің мәліметтеріне қарағанда, жыл басынан бері мемлекеттік орман қоры аумағында 363 өрт тіркелсе, оның 120-сы ерекше қорғалатын аумақтарда болған. Ал 3 мың 974 гектар аймақты шарпыған өрт 35 миллион 472 мың теңгеге материалдық шығын келтіріп отыр. Өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырған ағымдағы жылы ормандардағы өрт санының тіркелуі 10 пайызға төмендеген, бірақ жалын шарпыған аймақ 19 пайызға ұлғайып отыр. Сондай-ақ еліміздің далалық аймақтарында 55 мың 500 гектарды құрайтын 169 өрт тіркелсе, одан келген шығын 4 миллион теңгені құраған. Өрт салдарынан 200-ден астам ұсақ мал басы қырылып, аймақтың өсімдіктер мен жануарлар әлеміне де айтарлықтай зиян келген. Дала өрті кезінде екі адам қаза тапқан. Осы тұрғыдан алғанда жоғарыда көтерілген мәселелердің мейлінше толық шешімін тауып, қажетті қаржының бөлінгені ләзім. Әйтпесе министрлік келтірген деректер болашақта еселеп артуы да ғажап емес.
Сонымен мәжілісте айтылғандай, төтенше жағдайлар саласында қазір өртпен күресетін қажетті техника жеткіліксіз, ал оған қажетті қаржы болашақта бөлінеді. Алайда бұл жағдай осылай болды екен деп ауызды қу шөппен сүртіп отыра беруге болады дегенді білдірмесе керек. «Ендеше, жергілікті билік байыпты ойланып, жинақы болуы керек және елдегі барлық әкімдіктер өрт қауіпсіздігі бойынша арнайы штаб құрғандары дұрыс. Сондай-ақ әрбір орман шаруашылығындағы өрт қауіпсіздігіне жауапты тұлға болуы керек», деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев. Себебі өрт қауіпсіздігін ерекше қадағалайтын уақыт енді келеді. Төтенше жағдайлар саласының тәжірибесіне сүйенетін болсақ, өрт оқиғаларының ең қауіпті әрі ең жиі болатын кездері осы тамыз бен қыркүйек айларына тиесілі. Ал «Қазгидрометтің» болжамы бойынша, тамыз бен қыркүйектің бірінші жартысында республиканың басым аймағында жоғары температура сақталып, жауын-шашын керісінше, тиісті нормадан төмен болады. Осыған қарай мәжілісте Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов елдегі өрт оқиғаларының алдын алу және орманның қасақана өртелу әрекеттеріне жол бермеу үшін бұл мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ облыстарда арнайы штабтар құрып, осы кезде өртке қарсы Ресейде қолға алынып отырған шараларды да зерделеудің зияны жоқ екендігін ескертті.
* * *
Осы аптада Үкімет басшысы елорда маңындағы стратегиялық маңызды энергетикалық нысандардың бірі - Жылу электр орталығы-3 және Астана маңындағы 3 қосалқы стансылары бар 220 кВ желісінің құрылысының басталуына орай аталмыш нысандардың капсуласын салды. Онда аталмыш нысандардың міндет, мақсаттарына тоқталған Кәрім Мәсімов «Елбасы біздің елордамыздың дамуында энергетикалық қамтамасыз етуге айрықша назар аудару керектігін ескертіп, Үкімет пен қала әкімдігіне нақты тапсырма берді. Меніңше, бүгінгі оқиға, яғни Жылу электр орталығы-3 және 220 кВ жоғары вольтті желінің құрылысы қаланың тұрақты дамуына, сондай-ақ елорда аумағындағы индустриялық жобалардың жетілуіне тиісті жағдай жасайды», деп атап көрсетті. Сондай-ақ сөзінде қаланың энергетикалық күш-қуатын арттыру өте маңызды екеніне тоқталған Премьер-Министр, енді қала әкімдігі және осы жобаға қатысушы құрылысшылар алдағы мақсаттарды шешіп, бұл нысандардың белгіленген құрылыс мерзімін қамтамасыз етулері тиіс екенін жеткізді. Осы шара барысында аталмыш нысандардың ашылуына орай таратылған мәліметтер бойынша ЖЭО-3-тің құрылысы 2018 жылға қарай аяқталады деп жоспарланып отыр. Жобаның құны 193,7 миллиард теңге. Ал қосалқы стансылары бар 220 кВ желілі сақина құрылысы қаламен жақын жатқан аудандардың электр желілерінің жалпы өткізгіштік мүмкіндігінің 1200 мВт-ға дейін артуына жол ашады. 220 кВ желісі сақинасының ұзындығы 152 шақырымға созылмақ. Сондай-ақ ол Ақмола облысының Аршалы, Целиноград және Шортанды аудандарының аумағынан өтеді. Оның құрылысын аяқтау 2014 жылға жоспарланып отыр. Жобаның құны 38,6 миллиард теңге.
* * *
Осы аптада елімізде болған ең айшықты оқиғалардың бірі - Мемлекет басшысының қатысуымен Ақордада өткен құқық қорғау органдарын реформалауға қатысты мәжіліс болды. Елбасы онда еліміздің құқық қорғау саласында қалыптасқан мәселелерді шешуге, сондай-ақ аталмыш саланың қызметін жетілдіруге қатысты құзырлы органдардың алдына нақты міндеттер қойды. Нақтырақ айтқанда, елімізде құқық қорғау жүйесін демилитаризациялайтын уақыт жетті. «Мыңдаған адам погон тағып, көмекші және қызмет көрсету қызметімен ғана айналысып жүр. Погонды әр ведомстводағы негізгі қызметпен айналысып жүрген адамдар тағуы тиіс. Келесі кезеңде біз бұл мәселені әлемдік тәжірибені ескере отырып қарайтын боламыз», деді Н.Назарбаев. Президент бұл орайда қызметкерлердің мүддесін ескере отырып, олардың еңбекақысын және кадрлар құрамының сапасын төмендетуге жол беруге болмайтынын атап өтті. Сондай-ақ Елбасы құқық қорғау органдарын өзіне тән емес қызметтерден босату, қылмыстық істерді тергеу жүйесін оңтайландыру қажеттігін ескертті. Бұған қоса болашақта ІІМ-нің медициналық айықтырғыш қызметімен байланысты қызметтері мен құзыреті Денсаулық сақтау министрлігіне беріледі, ал кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталығы Білім және ғылым министрлігінің қарауына беріледі. Сонымен қатар көлік құралдарын техникалық қарауды жүргізу бәсекеге қабілетті ортаға берілуі тиіс. Сондықтан оларды бақылау өкілеттігі Көлік және коммуникация министрлігіне беріледі. Ерекше маңызды стратегиялық нысандарды күзетуден басқа күзет қызметі саласындағы ІІМ өкілдігі де бәсекелестік ортаға беріледі. Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратра осы органдардың орталық аппаратындағы үш аймақтық көлік құрылымдарына біріктіріледі.
Президент, сондай-ақ Үкіметке ІІМ құрылымында көші-қон полициясы комитетін құруға тапсырма берді. ІІМ Есірткімен күрес комитетін есірткімен күресті жүзеге асыратын тікелей аймақтық бөлімшелерге беруге, ал әкімшілік тұтқындауды атқару қызметін бірте-бірте Әділет министрлігіне беру шараларын қабылдау қажеттігін айтты. «Біз жүйелі қадам жасап, Криминалдық полиция комитеті мен Тергеу комитетін біріктіру жолымен ІІМ-нің тергеу комитетін құруымыз қажет. Сондай-ақ прокурордың рөлі мен жауапкершілігін арттырған жөн. ІІМ-нің қарауына трансұлттық есірткі қылмысынан басқа барлық есірткі қылмыстарын тексеру жатады, ал экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күресті қаржы полициясы толық көлемінде тексеретін болады. Өз кезегінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті өз қызметін ұлттық қауіпсіздікпен байланысты қылмыстарды тікелей тексеруге шоғырландырады. Жоғарғы сот жанындағы Сот Әкімшілігі комитеті таратылады, оның орнына Жоғарғы сот жанындағы сот қызметін қамтамасыз ету жөніндегі департамент құрылады. Соттардың шешімдерін орындау өкілдігі Әділет министрлігінің қарауына беріледі», деді Президент. Елбасының құқық қорғау саласын реформалауға қатысты құзырлы органдар алдына қойған міндеттердің арасында ерекше атап өтетін өзгерістер ретінде - Жоғарғы сот жанындағы сот әкімшілендіру комитеті таратып, Жоғарғы сот жанындағы соттар қызметін қамтамасыз ету департаментін құру, елімізде жеке детективтік қызмет институтын енгізу, рейдерлікке, бөтеннің меншігін тартып алуға тосқауыл қою, кәсіпкерлерді тексеруге құқылы мемлекеттік органдардың тізімін қысқарту, Ішкі істер министрлігінен Көші-қон комитетін құру, Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға өздеріне тиесілі үш аймақтық көлік құрылымдарын осы органдардың орталық аппараттарына кіретін бір ведомствоға біріктіру сияқты мәселелер атауға болады.
Ақордада еліміздің күш-қуат құрылымдары өкілдерінің қатысуымен өткен осындай алқалы жиыннын соң Президент міндеттеген шараларды талапқа сай жүзеге асыру мақсатында Үкімет осы аптада арнайы мәжіліс өткізіп, онда Мемлекет басшысының құқық қорғау органдарын реформалауға қатысты барлық тапсырмаларын жедел орындау қажеттігін ескертті. Елбасының тапсырмасына сәйкес Үкімет Президент Әкімшілігімен және Қауіпсіздік кеңесімен бірлесіп, Мемлекет басшысы алға қойған тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарын бір айдың ішінде бекіту қажет. «Мен бұл жұмысты Қауіпсіздік кеңесінің Президент Әкімшілігімен бірге үйлестіруін ұсынамын», деді Үкімет басшысы. Сонымен қатар Премьер-Министр Қаржы министрлігіне Әділет, Денсаулық, Білім және ғылым, Көлік және коммуникация министрліктерімен, басқа да органдармен бірлесіп, 1 апталық мерзімде, яғни Үкіметтің келесі отырысына жекелеген мемлекеттік органдарды құру, тарату, олардың қызметтерін бөлу, қаржыландыру, штаттық кестесін анықтау туралы Үкімет қаулысының жобасын әзірлеуді тапсырды.
Иә, кезінде тәртіп сақшысы десе көз алдыңа сымдай тартылған, мұнтаздай таза, жылы жүзді, қашанда қиналғандарға қол ұшын созуға, адамдарды зұлым әрекеттерден арашалауға бейіл, адал азаматты елестететінбіз. Сондықтан да болар, әскери форма киген, немесе погон таққан азамат өскелең ұрпақтың арманы болатын. Тәртіп сақшысы атану кез-келген жас үшін үлкен мәртебе еді. Өкінішке қарай кейінгі уақыттарда құқық қорғау саласы елді қорқытып-үркітіп немесе басқадай жолдармен ақша табудың көзіне айналды. Мемлекеттің әлі етең-жеңін жиып үлгермей жатқан тұсында тіпті құқық қорғау саласының кейбір қызметкерлері қылмыскерлермен күресті былай қойып, олармен ауыз жаласты. Ел еңсесін тіктеп, мемлекетіміздің экономикасы нығая бастаған тұста, құқық қорғау саласына қажетті қаржы бөлініп, арнайы мамандар даярланып, оларға деген халықтың сенімі біршама арта түскен. Дегенмен ескі жүйемен жүргізіліп отырған жұмыс тәжірибесі құқық қорғау саласының қызметінің тиімділігіне тежеу болып келді. Нәтижесінде тәртіп сақшыларының жұмысына көңілі толмаған қалың көпшілік бұған осы жүйені басқарып отырған билік кінәлі деп түсінді. Бұны Ақордада өткен мәжіліс барысында Мемлекет басшысы да атап өтті. Ендеше Президенттің құқық қорғау жүйесін реформалауға қатысты мемлекет алдына қойған міндеттер осы салада қалыптасқан мәселелердің шешілуіне ұйытқы болады деген үміт бар. Ал құқық қорғау қызметкерлері азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының шын мәніндегі қорғаушысы бола білсе, халықтың оларға деген сенімі де, сый-құрметі де арта түсері анық. Бұл демократияны бетке алған қоғамға жарасатын үрдіс.