Болашақтың индустриялық базасын қалыптастыру бүгінгі күнімізге зиян келтірмейтіндей жүзеге асырылады - Премьер-Министр
Бүгін «Нұр Отан» ХДП фракциясының кеңейтілген отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы Мемлекет басшысының үдемелі индустриялық-инновациялық даму үшін тетіктерді әзірлеу туралы және оларды ресурстық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын Үкімет толық орындап отыр. Маңыздысы, біздің үдемелі индустрияландыру жөніндегі әрекеттеріміздің барлығы әлеуметтік бағдарламалармен тығыз байланысты өрбиді. Мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерді, оның ішінде партияның халықтық платформасында қамтылған шараларды орындайтын болады. Сондықтан да, болашақтың индустриялық базасын қалыптастыру бүгінгі күнімізге залал келтірмейтіндей жүзеге асырылады. Мен бұны үлкен жауапкершілікпен мәлімдеймін», деді К. Мәсімов.
Сонымен бірге, Үкімет басшысы бүгінгі күні атқарушы билік 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарды іске қосуға және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті барлық базалық жағдайларды қалыптастырғанын мәлім етті.
«Ежелгі шығыстың «Ең ұзақ жол алғашқы қадамнан басталады» деген мақалы бар. Елбасы айқындаған «жаңа экономикалық өрлеуге, жаңа мүмкіндіктерге» барша қоғам болып, сіз бен біз қадам бассақ, ауызбіршілік болса, алынбайтын асу, бағынбайтын белес жоқ», деді К. Мәсімов.