Бразилия мен Қазақстан халықтың неғұрлым осал топтары арасында балалардың тағамын жақсарту жөніндегі бағдарламаны іске қосуда
Жобаны Бразилия Федеративтік Республикасы Үкіметінің қаржылық қолдау көрсетуімен БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) ҚР денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жүзеге асырады.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Бразилияның Қазақстандағы елшісі Освальдо Биатоның айтуынша, жобаға жалпы сомасы 98 мың доллар бөлінген. Қаржының негізгі бөлігі дұрыс тамақтануды түсіндіру жұмыстарына кетеді.
«Сәбилерге арналған тамақтың рационын жақсарту бойынша қымбат емес, бірақ тиімді технологияларды енгізу арқылы олардың есейгенде физикалық тұрғыдан да, интеллектуалдық тұрғыдан да кенделеп қалмауға мүмкіндіктерін арттыруға болады. Біздің бұл жобаға қатысуымыз Қазақстандағы неғұрлым осал топтағы балалар арасында тағам жеткіліксіздігі мәселесінің алдын алу мен оны шешудің жолдарын табуға көмектесетініне қуаныштымыз», - деді ол.
Жаңа туған сәбилер мен 36 айлық балалар арасындағы дұрыс тамақтанбау әлеуметтік және экономикалық факторларға, сәйкес келмейтін тамақтану тәжірибесіне, балаға тиісті тағамның құрамы туралы таптаурын болған тұжырымдарға, аналардың білімі мен дағдыларының жеткіліксіздігіне, сондай-ақ, медициналық күтім жасайтын мекемелер тарапынан берілетін консультациялар мен ұсынымдардың тапшылығына байланысты күрделі мәселе болып отыр. Балалар тағамының рационында А дәрумені, темір, мырыш, сонымен қатар, басқа да дәрумендер мен минералдар жетіспейді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшиннің айтуынша, елімізде азық-түлікті минералдық заттармен, дәрумендермен, сондай-ақ, йодталған тұзбен байытудың кешенді жұмыстары жүргізіліп келеді. «Азық-түлік өнімдерін йодтау туралы» ҚР Заңы да қабылданған. Жыл сайын 30 мың тонна йодталған тұз бірінші қажеттіліктегі азық-түлік өнімдеріне қосылады. «Осы жүйелі жұмыстардың арқасында 5 жасқа дейінгі бүлдіршіндер арасындағы анемия ауруы 47 пайыздан 35 пайызға дейін, ал А дәруменінің тапшылығы 45-тен 32 пайызға дейін азайды», - дейді Ж. Бекшин.
Бағдарламаның нақты іс-шаралары негізінен тамақтану және денсаулық көрсеткіштері неғұрлым төмен географиялық аумақтарға, сонымен қатар, неғұрлым осал топтардың денсаулығына мақсатты түрде араласу мәселесіне бағытталатын болады.