Бразилия өңірлік ынтымақтастықты, серіктестікті тек саяси ғана емес, экономикалық салада да қолдайды - Бразилия елшісі

СТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстан, Беларус және Ресей құрып жатқан Кедендік одақ мәселесі соңғы кездерде саясатшының да, экономистің де, қоғам қайраткерінің де, жалпы еліміздің тыныс-тіршілігіне бей-жай қарамайтын кез келген азаматтың өз ұстанымын ашық білдіретін тартыс алаңына айналды. Алайда, мұндай ықпалдастық құрылымға бірігу тәжірибесі аталған үш елге ғана тән емес. Соның бір мысалына Латын Америкасындағы Бразилия, Аргентина, Уругвай және Парагвай елдерін келтіруге болады.
None
None

ҚазАқпарат аталған елдердің бірі, Бразилияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Фредерико C.Дуке Эстрада Мейермен экономикалық ықпалдастық тақырыбындағы сұхбатты ұсынады.

- Елші мырза, Латын Америкасындағы ірі мемлекеттердің бірі Бразилия қандай экономикалық ықпалдастық құрылымына кірген және нендей мақсатты көздеген еді бұл істе?

- Бразилия көптеген мемлекеттермен, олардың ішінде таяу болашақта «үлкен сегіздікті» алмастыруға мүмкіндігі бар G 20-мен, Қазақстанның Кедендік одаққа мүше бола тұрып, ТМД, ШЫҰ құрамына кіретіндігі секілді, басқа да ұйымдармен экономикалық ынтымақтастықта. Дегемен олардың арасындағы ең маңыздысы - Меркосур субөңірлік сауда-экономикалық келісімі. Меркосурға Бразилия, Аргентина, Парагвай және Уругвай мемлекеттері кіреді. Боливия, Чили, Колумбия, Эквадор, Перу мемлекеттерінің қауымдасқан мүшелері мәртебесі бар. Сондай-ақ Венесуэла осы сауда одағына кіру кезеңдерін өткеруде. Қызмет атқарғанына 20 жылға тақаған ұйым 1991 жылы құрылды. (МЕРКОСУР - Mercado Comu'n del Cono Sur. Атауы испан тілінен «Оңтүстік конус нарығы» деп аударылады - оңтүстік ендіктен 18° оңға қарай орналасқан, Оңтүстік Америка аумағының бір бөлігінің жалпы атауы - ред.).

Бразилия Қазақстан сынды өңірлік ынтымақтастықты, серіктестікті тек саяси ғана емес, сонымен бірген экономикалық салада да қолдайды. Неліктен біз интеграциялық идеяны қолдаймыз? Өткені Бразилия өзін қоршап тұрған көрші мемлекеттер табысты әрі білімді болғанда ғана елінің жоғары жетістіктерге жететіндігіне сеніммен қарайды.

Меркосур алғаш құрылған кезде сын тезіне мол ұшыраған болатын. Себебі, Бразилияны даму деңгейлерін салыстырмалы түрде алып қарағанда әртүрлі мемлекеттер қоршап тұрған еді.

- Меркосурдың болашақ мүшелерінің қаншалықты айырмашылықтары болды?

-Мәселен, сол кезеңде Бразилияның ішкі жалпы өнімі 405,5 миллиард долларды, Парагвайда бұл көрсеткіш -6, Аргентинада -20, Уругвайда 11 миллиард долларды құрайтын. Демек, бастапқы деңгей әртүрлі болды. Сонымен қатар бірқатар мемлекеттер әскери диктатура құрсауында болса, ал Парагвай тіпті ешқандай өнім шығармайтын. Сол уақытта Парагвай мен Бразилияны бір-бірімен салыстыруға да келмейтін. Екінші жағынан Аргентина Бразилия сияқты экономикасы дамыған ірі мемлекеттердің бірі еді.

- Меркосурға топтасқан елдерге интеграция не берді?

-Өңірлік серіктестіктің нәтижесінде Бразилияның ішкі жалпы өнімі қазіргі уақытта 1,4 триллион долларға жетіп отыр. Демек ІЖӨ көрсеткіші осы кезең аралығында 365 пайызға ұлғайған. Меркосурға мүше мемлекеттердің де ІЖӨ біршама өсті. ІЖӨ Аргентинада - 19, Парагвайда- 218, Уругвайда 282 пайызға артты. Ал бұл мемлекеттердің ІЖӨ-дерінің ортақ біріккен нәтижесі олардың сауда-экономикалық одаққа біріккен кезеңдегі көрсеткішінен 3 есе ұлғайған.

Осы 20 жылдың ішінде әлем көптеген дағдарысты бастан өткергенін айта кеткім келеді. Сондай-ақ одаққа мүше мемлекеттердің екіжақты саудасына қатысты айтар болсам, онда осы 20 жылдың ішінде Бразилия мен Аргентинаның сауда айналымы 80 пайызға ұлғайды. Ал Бразилия мен Парагвай арасында сауда айналымы -317, Бразилия мен Уругвай арасында 347 пайызға өсті.

Бұл мұндай одақтарды құру барысында мемлекеттер арасы жақындай түсіп, сауда айналымының көлемі ұлғаятындығын білдіреді және олар бір-бірімен бәсекелеспейді. Шынымен мұның барлығы жақсы ма? Жоқ, бірақ біз бұл жағдайға бейімделуіміз қажет. Мәселен, Бразилияның бірқатар салалары өте көп мүмкіндіктерін жоғалтты. Атап айтқанда, «ақ техника» деп аталатын - тоңазытқыштарды, электр плиталарын, кір жуу машиналарын шығаратын кәсіпорындар тұралап қалды. Осы тәріздес өнімдер Аргентинада арзан өндірілетіндіктен дәл осы өнімдердің бразилиялық саласы жұтылып кетті десе болады. Ал екінші жағынан алып қарасақ, Бразилияда сыра қайнату мол табысқа кенелді. Бүгінгі таңда Аргентинадағы барлық сыра қайнату зауыттары бразилиялық компаниялардың еншісінде. Бұл серіктестіктен кейбір секторлар әлеуетін жоғалтса, кейбірі пайдаға кенеледі. Бірақ толықтай алып қарағанда, өңір экономикасы қуатты болады және де жаңа жұмыс орындары құрылып, өмір сүру деңгейі арта түседі.

- Сіздің ойыңызша, Қазақстандағы көпшілік Кедендік одақты неліктен теріс әсерде қабылдауда?

-Сіз жаңа идеялармен келгеніңізде әрине, көптеген адамдар сенімсіздікпен қарап, қарсылық танытады. Бұл дұрыс та. Біз қай кезде де өзіміз білмейтін жайттардан қорқатынымыз анық. Менің ойымша, дәл осы өңірлік ынтымақтастықтардың барлығы да кез келген уақытта сәтті болады. Сеніміңізді нықтай түсу үшін Еуро одақты, Меркосурды және басқа да ұйымдарды байқап көруіңізге болады. Бразилия кез келген өңірлік ынтымақтастыққа қолдау білдіреді деп санаймын. Әлем ауқымы жылдан жылға тарылу үстінде, осыдан бар-жоғы 20 жыл бұрын біз «кешіріңіз, Қазақстан қайда, Бразилия қайда?» дейтін едік. Бүгінгі күні «Google» сайты арқылы кез келген адам Қазақстанның қайда екендігін көріп, өзін қызықтырған сауалдарына толық жауап алуына мүмкіндігі бар. Сондықтан менің пікірімше, барлығы бір-біріне жақын, етене жұмыс істеуге, ынтымақтастыққа ұмтылуы қажет. Мәселен, бір мемлекет орындық шығарады. Онда бір-бірімен шекаралас жатқан екі мемлекетке де орындық шығаратын фабрика ашып қажеті қанша? Одан да бір ел орындық, ал екіншісі үстел шығарғаны жақсы емес пе. Бұл біздің ықпалдастық және серіктестік туралы ойымыз. Жоғарыда мен келтірген сандар біздің серіктестіктің сәтті жұмыс істейтіндігіне нақты дәлел бола алады. Біз Қазақстанмен ынтымақтасуға, өңірлік серіктестік тұрғыда тәжірибемізбен бөлісуге дайын екендігімізді атап өткім келеді.

- Дегенмен, нақтылай айтқанда, өңірлік серістестіктің мәні неде деп ойлайсыз?

-Меркосур өңірлік серіктестігінің жүйесі былай құрылған: Онда Бразилия мен Аргентина өз тауарларын Парагвайға сатуды ғана көздемейді. Өйткені Парагвайдың өз өндірісі болмаса, онда бұл елде бразилиялық және аргентиналық тауарларды сатып алуға ақша да болмайды. Сондықтан біздің елдердің үкіметтері қуатты елдердің бизнесмендері әлсіз елдердің экономикасына инвестиция салуына ықпал етуге тырысады. Өйткені біз Парагвайда жұмыспен қамтылған адамдардың көп болғандығын қалаймыз. Сондықтан Бразилия мен Аргентина өз деңгейлеріне Парагвайды қосу үшін осындай шешімдерді қабылдауда. Алайда Бразилияның сауда айналымының 50 пайыздан астамы дамушы елдерге тиесілі. Және де біздің экспорттағы да, импорттағы да ең ірі әріптесіміз - Қытай.

Өткен жылдың маусым айында біздің Президент Луис Инасио Лула да Сильва Қазақстанда болып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен және Премьер-Министр Кәрім Мәсімовпен кездескенде, біздің сатуға өте мол тауар ұсына алатындығымызды айтқан болатын. бірақ біз Қазақстаннан да тауар сатып алғымыз келеді. Бұл - Меркосур ұстанымы, біз теңгерімді саудаға сенім артамыз.

- Қазақстанда жұртшылық Кедендік одақтағы қуатты әріптес - Ресей деп санайтындықтан, ол өзіне тиімді шешімдерді тықпалайтын болады деп есептейді.

-Бразилия да Меркосурға қатысты сын тезіне ұшыраған болатын. Иә, Бразилия мен Аргентина үлкен, ал Уругвай мен Парагвай шағын, бірақ толығымен алғанда, біз барлық мемлекеттерде де ортақ даму тенденциясын байқап отырмыз. Бұл сынға біздің берер жауабымыз - бізде жолымыз түйіспейтін адамдармен проблема жоқ. Өмірде де солай ғой. Проблема ылғи да біз әлі білмейтіндермен емес, көршілермен арада туындайды. Әрине экономикалық және саяси байланыстар тереңдей түскен сайын даулы мәселелер көп туындайды. Бірақ бұл ынтымақтастықтан бас тарту қажет дегенді білдірмейді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар