18:36, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
«БТА банкі» мен Ресейдің «Жинақ банкі» арасындағы келіссөздер жалғасуда - Ә.Сәйденов
АСТАНА. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «БТА банкі» мен Ресейдің «Жинақ банкі» арасындағы келіссөздер жалғасуда. Жақында елімізге Ресейдің «Жинақ банкінің» төрағасы бастаған бір топ делегация келеді деп күтілуде.
Ал ресейліктердің қандай шешім қабылдайтындығы біздің сыртқы қарыздарымызда қайта құрылымдау барысындағы атқаратын шараларымызға байланысты», - деді бүгін «БТА банкі» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Әнуар Сәйденов. Бұл туралы ол Астанада автоматтандырылған сейфтік депозитарийдің ашылуы кезінде журналистерге берген сұхбатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, қазіргі таңда қайта құрылымдау шаралары аяқталуға таяу. «Келесі аптада біз оны көпшіліктің назарына ұсынуымыз да мүмкін. Жалпы бұл жоспардың жобасы әзір деуге болады. Ертең біз жобаны дайындаушылармен кездесіп, оны талқыламақпыз. Бәлкім біз оған қандай да бір өзгерістер немесе түзетулер енгізерміз. Қорыта айтқанда, жоспар келесі аптада дайын болады», - деді Басқарма төрағасы.