18:00, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
«БТА банкінің» Астана қалалық бөлімшесінде автоматтандырылған сейфтік депозитарий жүйесі ашылды
АСТАНА. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін «БТА банкінің» елордадағы Сейфуллин көшесінің бойында орналасқан бөлімшесінде автоматтандырылған сейфтік депозитарий жүйесі ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталмыш шараға «БТА банкі» АҚ-ның басқарма төрағасы Әнуар Сәйденов пен банк қызметкерлері, Парламент депутаттары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. «БТА банкі» өкілдерінің айтуынша, аталмыш жүйе Еуропаның бірқатар елдерінде қолданылады. Ал Орталық Азия аймағында ол алғаш рет ашылып отыр. 460 адамға лайықталып жасалған жүйенің басты ерекшеліктерінің бірі, банк клиенттері депозитарий қызметін тәулік бойы және банк қызметкерінің көмегінсіз пайдалана алады. Ал оның қорғаныс қабілеті техниканың соңғы жетістіктерін пайдалана отырып жасалған. Банк клиенттері осы жүйе негізінде қаржы, құжат, құнды бұйымдар немесе өзге де дүниелерін сақтау үшін арнайы дайындалған кәртішке мен ПИН-кодты пайдаланады. Сонымен қатар қауіпсіздік шаралары толық талапқа сай болуы үшін автомат клиенттің саусақ іздерін де есте сақтайды. Депозитарийді пайдаланғаныңыз үшін өзіңіз жалдаған ұяның көлеміне қарай айына 3 мыңнан 7,5 мың теңгеге дейінгі аралықта ақша төлейсіз. Осыған орай банк өкілдері маусым айының 15-і мен қыркүйек айының 15-і аралығында клиенттерге 50 пайыз жеңілдіктер болатындығын ескертті. «БТА банкі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Әнуар Сәйденовтың айтуынша, аталмыш жүйенің құны 1 миллион АҚШ долларын құрайды. Сондықтан бұл құрылғы елімізде кеңінен орнатыла бастайды деу әзірге орынсыз. «Дегенмен ол өзін-өзі ақтап жатса, болашақта осындай тағы бірнеше құрылғыны сатып алуға болады. Автоматтандырылған жүйе қаржыны үнемдеуге қолайлы. Дегенмен біз үшін ол басты мәселе емес. Бізге керегі, өзіміздің клиенттерімізге қолайлы жағдай жасау. Оның үстіне «БТА банкі» қашанда жоғары технологияларды қолданып келген қаржы құрылымы болатын. Автоматты депозитарий де осы мақсаттағы жоспарлардан туындады», - деді басқарма төрағасы.