13:31, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
«БТА Банктың» Көкшетаудағы филиалы «Самұрық-Қазына» бөлген 1,66 миллиард теңгені толық игерді
КӨКШЕТАУ. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - «БТА Банктің» Көкшетаудағы филиалы Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы аясында «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорынан бөлінген 1,66 миллиард теңгені толықтай игерді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Филиал директоры Бақыт Оспановтың айтуынша, еліміз экономикасын тұрақтандыруға бағытталған мемлекеттік қаржылай қолдауы арқылы өңірде кәсіпкерлердің 39 жобасы қаржыландырылған. Мұның өзі облыс бойынша шағын және орта бизнесті несиелендірудің 19,7 пайызына тең, яғни 10,5 миллиард теңгені құрап отыр. Оның сыртында филиал агроөнеркәсіптік субъектілерді мемлекет тарапынан қолдау бойынша 1,103 миллиард теңге мөлшерінде несие қарастырған. Сонымен қатар қайта қаржыландыру бағдарламасы аясында ипотекалық несие ретінде жалпы сомасы 529 миллион теңгенің 210 несиесі берілді. «Аймақ-Даму» бағдарламасында қарастырылған 32 несиеге 600 миллион теңге қаржы қарастырылып, қосымша 280 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде Бұланды, Аршалы аудандарында өңдеу кәсіпорындары жұмысқа қосылса, «Көкшетауқұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестік құбыр тартуға қажетті жабдықтарды сатып алды. Банктің қаржылай қолдауымен Көкшетауда «Тыныс» акционерлік қоғамы полиэтилен құбырларын шығару мүмкіндігіне ие болды.