Бүгін Алматы қалалық Қызыл Ай қоғамы есеп беру-сайлау конференциясын өткізіп, бес жылдық жұмыстарын қорытындылады

Оған әр саланың өкілдері, қалалық, аудандық әкімдіктер мен ҮЕҰ өкілдері, сондай-ақ ұйымның әріптестері қатысты.
Конференцияның жұмысын Алматы қалалық Қызыл Ай қоғамының төрайымы Дарико Хасанғалиева ашты. Ол қысқаша атқарылған жұмыстар жайына тоқталып, қатысушылар назарына Алматы қалалық Қызыл Ай қоғамының 2007-2011 жылдар аралығындағы атқарған істерін толыққанды баяндайтын есептік бейнефильмді ұсынды.
«Бес жылда Алматы қалалық Қызыл Ай қоғамы 39 қайырымдылық шара өткізіп, зейнеткерлерге, мүгедектерге, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлеріне, сондай-ақ ауған және чернобыль ардагерлеріне, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, көп балалы аналарға (15 590 адамға) азық-түліктей, киім-кешектей және тағы да басқа көмек түрінде 40 миллион теңгеден астам қаржыға көмек көрсетті. Біздің назарымыздан балалар да шет қалған емес. Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, ақыл-ой дамуы кенжелеп қалған интернат-үйлердегі балаларға ерекше көңіл бөлеміз. Олар үшін жыл сайын түрлі қайырымдылық шаралар ұйымдастырып, киімдер, кеңсе заттары, ойыншықтар түрінде, бір сөзбен айтқанда балаларға қажетті заттармен жәрдемдесеміз. Бұдан өзге ұйым жастар, денсаулық, еңбек миграциясы мәселелеріне үлкен назар аударады. Бес жылда көп игі жұмыстар атқарылды. Бірақ, әлі де атқаратын істеріміз көп. Биліктің және әріптес ұйымдардың қолдауымен біз қойылған міндеттерге жете алатынымызға сенімдімін», - деді Қызыл Ай қоғамының төрайымы Дарико Хасанғалиева.
Шара барысында конференцияға қатысушылар Қызыл Ай қоғамының қызметіне оң баға беріп, ризашылықтарын білдірді.
«Қызыл Ай қоғамының жұмысы, бүгінгі таңға дейін қол жеткізген жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай. Егемен еліміздің гүлденіп, көркеюіне аталмыш қоғам өзінің сүбелі үлесін қосып келеді. Кішкентай ғана ұжымның осындай ауқымды жұмысты нәтижелі түрде атқарып келе жатқандығының өзі оның құрамындағы әр азаматтың жауапкершілігін, ынта-жігерін білдіреді. Көп игі істердің басын қайырған ұйымға тек алғысымды білдіремін», - деді Алматы қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Еренғайып Шайхутдинов.
Конференция барысында белгіленген сайлау тәртібіне сай алдағы уақытта қоян-қолтық жұмыс істейтін құрамның тізімі, сондай-ақ, ҚР Қызыл Ай қоғамының ХVIII съезінің делегаттары анықталып, алдағы бес жылда Алматы қалалық Қызыл Ай қоғамын басқаратын басшы тағайындалды. Көпшіліктің дауыс беруімен Алматы қалалық Қызыл Ай қоғамының төрайымы болып Гүлнар Көпбосынова тағайындалды. Ол бұған дейін Қызыл Ай қоғамы төрайымының орынбасары қызметін атқарып келген болатын.
Бүгінде Қызыл Ай қоғамының мүшелігінде 51 211 адам бар. Ұйым құрамында 1 861 еріктілер жұмыс істейді.