Бүгін «Бизнес-Кеңесші» бизнес-оқыту Бағдарламасын іске асырудың III кезеңі басталды
Соның аясында еліміздің әрбір аудан-қалаларында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері мен кәсіпкерлікпен шұғылдануға ниетті тұрғындарға арналған екікүндік «Кәсіпкерліктің жедел курсы» атты тегін оқыту курстары ұйымдастырылып, ақпараттық-консалтингтік қолдау көрсетілетін болады. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы мен «Даму» қоры әзірлеген бұл бағдарлама мемлекеттің Қазақстан Республикасындағы шағын
және орта бизнесті сапалы дамыту жөніндегі жүргізіп отырған іс-шараларының жалғасы болып табылады. Бұл шағын және орта бизнесті қаржылай емес құралдармен қолдау аясындағы ең көлемді бағдарлама болып табылады.
«Бизнес-Кеңесші» Бағдарламасын іске асырудың негізгі тетігі Қазақстанның барлық 209 ауданындағы және халық тығыз қоныстанған әкімшілік-аумақтық бірліктеріндегі кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындарға және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге қысқамерзімді оқыту-тренингтерін ұйымдастыру болып табылады.
Кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрететін «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасын іске асыру 2009 жылы басталған. Оның жоспарына сәйкес барлық 14 облыстағы 209 аудан мен Астана және Алматы қалаларында 2009 жылы өткізілген бірінші толыққанды оқыту курстарында 11 мың 603 адам дәріс алды. Оның 40 пайызы кәсіпкерлер, 60 пайызы жеке тұлғалар. Ал бағдарламаның екінші кезеңі 2010 жылдың сәуір айының 5-і мен маусымның 23-і аралығында өтті. Оған қатысушылардың жалпы саны 8 мың 71 адамды құрады. Оның ішінде жеке тұлғалар - 4 мың 977 адам немесе тыңдаушылардың жалпы санының 62 пайыз. Ал кәсіпкерлер - 3 мың 94 адамды құрап отыр.
Сонымен қатар, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мақсатымен арнайы курстар ұйымдастырылып, өткізілген 2 кезең нәтижелері бойынша мүмкіндіктері шектеулі 175 адам оқыту-треннигтерінде дәріс алды. Бұл курстар жұмыс істеп жүрген және өз бизнесін құруға ынталы жандардың кәсіпкерлік қызметті тиімді әрі сауатты жүргізу бойынша білім деңгейі мен дағдысын арттыруға бағытталған. Курстарды өткізу үшін жоғары білікті мамандар тартылып отыр.