Бүгін Чернобыль атом электр стансасындағы апатқа - 27 жыл

ОРАЛ. 26 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Чернобыль атом электр стансасында орын алған дүлей апатқа 27 жыл толып отыр. Барша адамзат жүрегіне орны толмас жара салған апат зардаптары жылдар өтсе де жазылар емес.
None
None

Сол бір қасіретті кезеңде бауырлас халыққа көмек қолын созғандардың қатарында батысқазақстандықтар да аз болған жоқ. Солардың бірі - Қаратөбе ауданының тұрғыны Құбанияз Егінғали.

1968 жылы 16 желтоқсанда Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылдық округінің Жігерлен ауылында дүние есігін ашқан оның өмірге деген құлшынысы балаң кезден-ақ айқын аңғарылды.

Жалынды жастық шақты Чернобыль стансасы аймағында өткізем деп ойламаған Құбанияз Еңсепұлы талай қиын-қыстау кезеңдердің бастан өткенін айтып, еске алды. «Чернобыль атом электр стансасындағы апат - ХХІ ғасырдың соңындағы ең ірі техногендік апат. Зардапты жоюға кезінде Кеңес Одағын мекендеген азаматтар жұмылдырылды. Сол мақсатта 1987-1989 жылдары мен де атом электр стансасы маңындағы жергілікті халықты эвакуациялау, маңызды нысандарды күзету сынды істерге араластым», - дейді ол.

Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген чернобыльдықтықтардың ерен ерлігі ел жадында жатталып-ақ қалды. Сол себепті де жергілікті ардагер Құбанияз Еңсепұлы «Чернобыль атом электр стансасы апатына - 25 жыл», «Чернобыль - 1986-2011 ж.ж» естелік медальдарымен марапатталған.

Отбасында зайыбы Назым екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Ұлдарының екеуі де - Қаратөбе мектеп-гимназиясының үлгілі оқушылары. «Әке көрген оқ жонар» демекші, соның ішінде тұңғышы Қыдырнияздың өнер әлеміндегі алғашқы қадамы көңіл қуантарлықтай. Оқушылар арасында өткен облыстық, аудандық термешілер байқауының жүлдегері ретінде танылып келе жатқан өнерлі өрендердің санатында.

Чернобыль апатын жоюға Батыс Қазақстан облысынан 3 мыңға жуық адам қатысса, бүгінде өңірде 477 чернобыльдық ардагер тұрады. Оларға мемлекет тарапынан тиісінше жәрдем көрсетіліп келеді.

Соңғы жаңалықтар