Бүгін Елбасы Н. Назарбаев Еуразия медиа форумының ашылуына қатысады

АСТАНА. 25 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Қазмедиа» орталығында Еуразия медиа форумы (ЕМФ) өз жұмысын бастайды.
None
None

Алқалы жиынның салтанатты ашылуына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады.

Жиын барысында Елбасы Н. Назарбаевтың құттықтау сөз сөйлеуі күтіледі. Бұдан бөлек, ЕМФ Ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева құттықтау сөз сөйлеп, іс-шараны ашатыны жоспарланған. Конференцияны «Әл-Жазира Инглиш» телеарнасының журналисі Риз Хан жүргізетін болады.

Екі күнге жалғасатын алқалы мәжілістің күн тәртібіне сәйкес, 2014 жылы Ауғанстаннан НАТО мен АҚШ әскерін шығарғаннан кейінгі Орталық Азиядағы аймақтық қауіпсіздік мәселелері талқыланатыны күтіліп отыр. Оның барысында «Ауғанстандағы соғыс табысты аяқталды ма?», «Орталық Азиядағы халықаралық «ойыншылар» үшін қандай жаңа басымдықтар болмақ?» сынды мәселелер төңірегінде сарапшылар пікір алмасады. Жарыссөзге танымал журналистер, Ауғанстан Президентінің өкілдері, саясаткерлер атсалыспақ. Мәжілістің модераторы "Әл-Жазира" телеарнасының аға жүргізушісі Стивен Коул.

Сонымен қатар, конференцияның екінші бөлігі «Тізгінсіз топалаң жүгенсіз жұтқа айналады» атты тақырыппен жалғасып, онда Таяу Шығыстағы ахуал жайы сөз болмақ. Мұндағы пікірталас алаңында Түркия, Сирия, Ұлыбритания сарапшылары сөз сөйлейтіні күтіледі. Модератор Ресей «Бірінші арнасының» ток-шоу жүргізушісі Максим Шевченко.

Бұдан бөлек, форумның күн тәртібі аясында «ЭКСПО-2017. Аймақтың және Қазақстан экономикасының даму қабілеті» тақырыбы да қамтылмақ.

Соңғы жаңалықтар