08:41, 17 Тамыз 2010 | GMT +5
Бүгін Қазақстанның солтүстік-батысында найзағайлы жаңбыр мен күшті желдер болса, қалған аумақтар антициклонның ықпалында болады
АСТАНА. Тамыздың 17-сі. ҚазАқпарат - «Қазгидрометтің» болжауынша бүгін, тамыздың 17-сі күні Қазақстанның солтүстік-батысы атмосфералық ағымдар ықпалында болады, мұнда найзағайлы жаңбыр мен күшті желдер күтілуде. Республиканың қалған бөліктеріне антициклон әсер етпек.

Мәселен, Ақтөбе, Қостанай, күндіз Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының жекелеген жерлерінде желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді деп күтілуде.
Ал Атырау, Маңғыстау сондай-ақ, Жамбыл, Алматы мен Қызылорда облыстарының кей өңірлерінде қатты ыстық жалғасады.
Сонымен бірге бүгін, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл мен Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды және Алматы облыстарының жекелеген аумақтарында жоғары дәрежелі өрт қаупі сақталады.