Бүгін Маңғыстау облысындағы Құрық ауылында 280 орындық балабақша ашылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл осында ашылып отырған 4-ші балабақша. Қарағия ауданының орталығы саналатын Құрық ауылында 7 мыңға жуық халық тұрады. Ал балабақша кезегінде тұрған бүлдіршіндердің саны 500-ге таяу.
Жаңа балабақшаның меңгерушісі Бәйімбетова Гүлараның айтуынша, пайдалануға беріліп отырған кезекті нысан жаңа үлгіде салынғандығымен ерекше.
Жүзу бассейіні, өсімдіктер мен гүлдер алаңы, сондай-ақ өте жоғары сапада жасалған жиһаздар мен ойыншықтар балабақшаны көріктендіре түскен. «Мұның барлығы бүлдіршіндерге эстетикалық тәрбие беруде пайдасы зор» дейді балабақша мамандары.
Жаңа балабақшаның ашылу рәсіміне облыс және аудан әкімдері, облыстық білім саласының өкілдері, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты.
Балабақша мемлекет және облыс бюджеті есебінен 450 млн. теңгеге салынған.