Бүгін Ораза айт намазына «Нұр Астана» Орталық мешітіне 10 мыңнан астам адам жиналды

АСТАНА. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін, барша мұсылман қауымының ең қасиетті мерекелерінің бірі - Ораза айт мерекесі басталды. Астана қаласындағы барлық мешіттерде таңғы сағат 7-де мерекелік айт намазы оқылды.
None
None

«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Төлеби Оспанның айтуынша, бүгін айт намазына қатысқан қауымның саны жылдағыдан айтарлықтай көп болды. Бірмезгілде 10 мың адамды қабылдауға есептелген мешіттің іші де, оның алдындағы алаңқай да мінәжат етушілерге лық толған.

«Айт намазы - Ораза айт күндері атқарылатын шаралардың ең негізгісі. ­Өйткені, Алла елшісі өз хадисінде: «Мүмін пенделер Рамазан айының оразасын толық ұстап, айт күні намазға бет алғанда, Алла тағала періштелерге: «Ей, періштелерім! Адамзат бейнет атқарса, ақысын талап етеді. Пенделерім мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға мешітке бет алды. Олар Мен үшін ораза ұстады, Менің пәрменіммен ауыз ашты, енді қуанышқа кенелсін. Сендер куә болыңдар, оларды кешірдім», - деген. Сондықтан бүгінгі мереке айт намазы жамағатпен оқумен басталды. Бұдан кейін мұсылмандар бір-бірін айтпен құттықтап, қонаққа барады, марқұмдарды еске алып, дұға бағыштайды. Ағайын-туысты аралап, мұқтаж жандарға жәрдем береді. Сол арқылы олардың да көңіліне мерекелік көңіл-күй сыйлайды», - дейді ол.

Айт сөзі - «мереке», «мейрам» деген ұғымды білдіреді.

Айта кетейік, айт мерекесі Рамазан айынан кейін келетін - Шәууәл айында атап өтіледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз үмбеттерін шәууәл айында да ораза тұтуға үндеп, оның сауабының молдығын айтқан. Ол: «Кімде-кім Рамазанды оразамен өткізіп, бұдан кейін шәууәл айында алты күн ораза ұстаса, жыл бойы ораза ұстағанмен бірдей», - деген. Шәууәл айының оразасын сол айдың ішінде кез-келген күні ұстауға болады. Оны қатарынан үзбей немесе күндерін үзіп-үзіп ұстауға болады. Бірақ айт өтісімен кезекпен толықтай ұстау - абзал.

Қасиетті Рамазан Айт мерекесі құтты болсын! Айт қабыл болсын!

Соңғы жаңалықтар