Бүгін Өскеменде үкіметтік топтың қатысуымен Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық штабтың мәжілісі өтеді

АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанда су басқан аудандардағы жағдай бақылауға алынды.
None
None

Дер кезінде жедел штаб тарапынан қабылданған шаралар мен Төтенше жағдайлар министрлігі күштерінің құтқару шараларының арқасында кісі құрбандықтарына жол берілген жоқ, деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

Тасқын суға қарсы күресуге Үкімет тарапынан облысқа 850 миллиондай теңге бөлінді. Сондай-ақ мемлекеттік материалдық резервтен 300 миллион теңгеден астам соманың тауарлы-материалдық құндылықтары тағы бөлініп отыр.

Елбасының тапсырмасына сәйкес Шығыс Қазақстанда Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің іссапармен жүргенін ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын. Үкімет басшысының орынбасары бастаған үкіметтік топ су басу қаупі бар ауылдардағы жағдаймен танысуда.

Наурыздың 18-інде Шығыс Қазақстан облысының аумағында күн күрт жылып, қар ери бастады, соның салдарынан төрт ауданның бірқатар ауылдарын су басып қалды.

Наурыздың 31-індегі жағдай бойынша, өңірде 1157 үйді су басып қалды, оның ішінде 536 үй - қалпына келтіруге жарамсыз, ал 621 үй - күрделі жөндеу жұмыстарына мұқтаж. Су басқан ауылдардан 7406 адам қауіпсіз жерге көшірілсе, оның 6007-сі қазір үйлеріне оралып отыр, 882 адам әлі туыстарының үйінде тұрып жатыр, тағы 517 адам білім және мәдениет нысандарына уақытша орналастырылды.

Құтқару және қалпына келтіру жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігінің (150-ден астам құтқарушы мен 50 техника), Көлік және коммуникация министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің күштері жұмылдырылды. Мамандар аудандардағы суды деңгейін қадағалап, су басып қалу қаупі бар жерлерде тәулік бойы мониторинг жүргізуде.

Бүгін Өскеменде үкіметтік топтың қатысуымен Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық штабтың мәжілісі болады.

Соңғы жаңалықтар