Бүгін театрлардың республикалық он тоғызыншы фестивалі ашылады

ТАНА. 26 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі бүгін 2011 жылдың 26-30 қыркүйек аралығында Алматы қаласында өтетін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған ХІХ республикалық театрлар фестивалін ашады,
None
None

деп хабарлады ҚР Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметінен.

Аталған фестивальге еліміздің республикалық және облыстық театрлары жаңа Қазақстанның қалыптасуы мен жетістіктері, Тәуелсіздіктің тарихи маңызын көрсететін патриотизм тақырыбындағы отандық авторлардың шығармасы бойынша соңғы екі-үш театрлық маусымда сахналанған үздік қойылымдармен қатысуы жоспарланған.

Фестиваль отандық театрлардың репертуарын қалыптастыру, заманауи сахналық үрдісті нығайту мен дамыту мақсатында өткізіліп, театр ұжымдарының шығармашылық ізденістерін ынталандыру; заманауи сахналық үрдістің дамуындағы басым бағыттарды анықтау; театрлардың репертуарын жоғары көркемдік деңгейдегі қойылымдармен қамтамасыз ету мақсатын көздейді.

Фестиваль қойылымдарының көпшілігі Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында көрсетіледі.

27 қыркүйек күні Астана қаласының Жастар театры «Меккеге қарай ұзақ жол», Қ. Қожамияров атындағы Мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театры «Гүлдәстә», М. Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Көктөбедегі кездесу» спектакльдерін жұртшылық назарына ұсынады.

28 қыркүйекте көрермендер Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының «Перзентхана», Мемлекеттік республикалық корей музыкалық комедия театрының «Перизаттың баққа жолы», Ф. Достоевский атындағы Шығыс Қазақстан облыстық орыс драма театрының «Отырардың күйреуі» қойылымдарын тамашалай алады.

Сонымен қатар режиссер, Санкт-Петербург мемлекеттік театр өнері академиясының аға оқытушысы, актер шеберлігі жөніндегі халықаралық деңгейдегі маман, XIХ Республикалық театрлар фестивалі қазылар алқасының мүшесі Е.Е. Кузина актерлер мен режиссерлерге арналған шеберлік сабағын өткізеді.

30 қыркүйек күні фестивальдің салтанатты жабылуы, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өткізіледі. Арнайы мамандардан құралған қазылар алқасы «Ең үздік спектакль»; «Ең үздік режиссерлік шешім»; «Ең үздік драматургиялық шығарма»; «Қазақ драматургиясын табысты меңгергені үшін»; «Ең үздік әйел адам бейнесі»; «Ең үздік ер адам бейнесі»; «Ең үздік екінші пландағы әйел бейнесі»; «Ең үздік екінші пландағы ер адам бейнесі»; «Көрермендер көзайымы»; «Үміт» аталымдары бойынша жеңімпаздарды анықтайды.

Соңғы жаңалықтар