Бүгінде әлемдік экономикада қалыптасқан жағдай кейбір елдерді баламалы валютаны енгізуге итермелеп отыр - Елбасы

Бүгін елордада IV Астаналық экономикалық форумының ашылу рәсімінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.
Елбасы атап көрсеткендей, қазіргі кезде сукре валютасы бойынша табысты қаржылық операциялар туралы жиі айтылуда. Сондай-ақ өзара несиелендіруге бағытталған басқа да валюталарды қолдану бойынша арнайы меморандумдар қабылдануда. «Ондай жағдайлар аз емес. Осының нәтижесінде әлемнің барлық экономикалары бірегей ұлтүстілік валютаны енгізіп, одан кейін жаңа үлгідегі жаһандық валютаны шығара бастайды. Ол туралы мен өткен жылы III Экономикалық форумы барысында осы мінберден айтқан болатынмын», - деп атап көрсетті Н.Назабаев.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы шикізаттық елдердің экономикалық мәселелеріне тоқталып, осы мемлекеттердегі кедейшілік деңгейінің төмендемей жатқандығын ерекше атап өтті. «Өкінішке орай, Біріккен Ұлттар Ұйымының «Мыңжылдықты дамыту мақсаттары» бағдарламасы бұл проблеманы түбегейлі шеше алмауда. Қазіргі жүйе бойынша кедей елдер өз деңгейінен аспауы тиіс болса, дамыған мемлекеттерге ары қарай даму мүмкіндігі берілген», - деді Н.Назарбаев.