14:41, 30 Тамыз 2010 | GMT +5
Бүгінгі әскери шеру - ата заңымызға көрсетілген құрмет - ҚР ҰҚК генерал-майоры
СТАНА. Тамыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгінгі әскери шеру - ата заңымызға көрсетілген құрмет. Бұл пікірді бүгін елордадағы «Қазақ елі» монументінің алдында ҚР Конституциясының 15 жылдығына орай өткізілген әскери шеруден кейін ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында ҚР ҰҚК-ның отставкадағы генерал-майоры, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі төралқасы төрағасының орынбасары Амангелді Құрманғалиев білдірді.
«Осымен екінші мәрте өткізіліп отырған бұл әскери шеру жақсы дәстүрге айналып келеді. Бүгін біздер, ардагерлер бұл шеруді көру үшін толық құрамда келдік. Өздеріңіз көргендей, тамаша мереке өтті, халықтың шаттығында шек жоқ. Бұның барлығы біздің негізгі заңымыздың арқасы. Дағдарысқа қарамастан біздің еліміз гүлдену үстінде», деді ол өз сөзінде.
Сонымен қатар А.Құрманғалиев қазіргі таңдағы Қазақстан армиясының қуатты заманауи талаптардың барлығына сәйкес келетіндігін баса айтып, кез-келген қарсыласқа төтеп бере алатындығына сенім білдірді.