Бүгінгі күні орта және ұзақ мерзімді стратегиялық бағыт айқындалды, алдағы міндет - оны жемісті іске асыру - Н.Назарбаев
«Биыл айырықша кезеңде қадам бастық. Таяуда өткен Президент сайлауында халқымыз бірліктің теңдесі жоқ ғажайып үлгісін көрсетті. Болашаққа өз таңдауын жасап, бізге зор сенім артты. Ашық әрі адал сайлау ел мәртебесін дүниежүзі алдында тағы көтерді. Алайда алда атқарар қыруар істер бар екенін ескере отырып, сайлаудан кейінгі қысқа мерзім ішінде барлық деңгейдегі лауазым иелерін тағайындадым», - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Елбасы биыл тәуелсіздіктің 20 жылдығы кең ауқымда атап өтілетінін айта отырып, оған қатысты барлық бағдарлама қамтылғанын жеткізді. Бұдан бөлек Президент Қазақстанның алдағы онжылдық дамуы 2020 жылға дейінгі стратегияда айқын көрсетілгеніне де тоқталды.
«Біз индустриялық-инновациялық саясатта, білім беру, денсаулық сақтау және тұрғын үй құрылысында бағдарламаларды қолға алдық. Бұл бағыттағы негізгі стратегиялық құжаттар қабылданды. Бұның барлығы біздің дағдарыстан кейінгі дамуымызды қамтамасыз ететін болады. Яғни, бүгінгі күні орта және ұзақ мерзімді стратегия айқын. Алдағы ауқымды міндет - осы бағдарламаларды жемісті іске асыру», - деді Н.Назарбаев.