Бүгінгі шеру бүкіл Қазақстан халқы, оның тыныштығы, шекарасы мен тәуелсіздігі Қарулы Күштеріміздің қолында екенін көрсетеді - Елбасы

Бүгін, Отан қорғаушы күнінде «Отар» 40-ыншы әскери базасында өткен жауынгерлік парад аяқталған соң ел Президенті - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
«Бүгінгі Отан қорғаушы мерекесі күнінде өздеріңіздің әскери өнерлеріңізді паш етіп, тамаша өнер көрсеттіңіздер. Бүгінгі шеру бүкіл Қарулы Күштеріміздің әр уақытта да дайын екендігін көрсетеді», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, жауынгерлік парад барысында Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық түрлері жаттығудың, әскери өнердің ең жоғары дәрежесін паш ете алды. Сондай-ақ ҚР Президенті парадты барша Қазақстан халқының алдында лайықты өткізгендері үшін Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы ретінде ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.
«Бүгінгі шеру бүкіл Қазақстан халқы, оның тыныштығы, шекарасы, тәуелсіздігі Қарулы Күштеріміздің қолында екенін, әр күнде оны сақтауға дайын екендіктерін көрсетеді», - деді Н.Назарбаев.
Жауынгерлік парад барысында сарбаздардың өз міндеттерін мүлтіксіз, қатесіз орындағандықтарын атап өткен Жоғарғы Бас Қолбасшы: «Сіздерді бүгінгі мереке - Отан қорғаушы күніменен тағы да бір рет шын жүрегіммен құттықтаймын»,- деді.