Бүгіннен қазақстандықтарды қандай жаңалықтар күтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сәуір айынан бастап қазақстандықтарды бірқатар жаңалық күтіп тұр. Атап айтар болсақ, зейнетақы жинағынан алуға болатын шекті сома көлемі артып, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою қағидатына өзгерту енгізілді. Қазақстандықтар Кореяға қайтадан визасыз бара алатын болды.
None
None

Сонымен 1 сәуірден біржолғы зейнетақы төлемін алудың жеткіліктілік шегі 1,8 есе көтерілді. Жалпы, жеткіліктілік шегі осы жылдың 1 қаңтарында артуы тиіс болатын. Алайда, Мемлекет басшысы ел тұрғындарының пікірін ескеріп, шекті мөлшерді көтеруді 1 сәуірге дейін созған еді. Төмен жинақтық шекті айқындау әдістемесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылдың 2 қазанындағы №1042 қаулысымен (2021 жылдың 6 қаңтарындағы өзгерістерімен және толықтырулармен) бекітілген. Әдістеме бойынша төмен жинақтық шек мөлшері жинақ иесінің жасына қарай есептеледі және болашақ зейнетақы төлемдері мен зейнетақы жарналарының өсуін (индекстелуін) ескереді. Бұл ретте ҚР «Республикалық бюджет туралы» Заңына сәйкес, жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы (ЕТЖ), ең төменгі зейнетақы (ЕТЗ), ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) сияқты әлеуметтік көрсеткіштер қолданылады. Осыған байланысты төмен жинақтық шек мөлшерін есептеу жыл сайын аталған көрсеткіштердің өсуін ескере отырып жүргізіледі. 2022 жылы ең төменгі жалақы мөлшері 2021 жылғы 42 500 теңгеден 2022 жылы 60 000 теңгеге дейін (немесе 41%) өскен еді.

1 сәуірден бастап Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы қазақстандық азаматтарға қатысты визалық талаптарды өзара жою туралы келісімнің қолданысын жаңғырту қалпына келтіріледі. Осылайша, Қазақстан азаматтары – ұлттық паспорттардың иелері - Корея Республикасына 30 күннен аспайтын мерзімге визасыз қайта кіре алады. Корея Республикасында еңбек етуге, білім алуға немесе Оңтүстік Корея аумағында тұруға ниет болған жағдайда тиісті визаны алу қажет. Сонымен қатар, қазіргі уақытта шетелдік азаматтардың Корея Республикасына кіруін авторизациялаудың «К-ЕТА» электрондық жүйесі жұмыс істейтінін ескеру қажет. Оған сәйкес елге визасыз режим негізінде келетін шетелдіктерге ұшуға дейін кемінде 24 сағат бұрын www.k-eta.go.kr сайты арқылы жоспарланған сапар туралы электрондық хабарлама түрінде өтініш беру және содан кейін Оңтүстік Корея билігінің елге кіруге рұқсатын алу талап етіледі. Мұндай рұқсат болмаған жағдайда әуекомпания ұшаққа бортқа отырғызудан бас тартуға мәжбүр болады.

1 сәуірден бастап Қазақстанның ұлттық паспорты бар азаматтар алдын ала туристік визаны рәсімдемей-ақ Оман Сұлтандығына да 14 күн мерзімге бара алады. ҚР азаматтары Оманға 14 күннен артық мерзімге баруды жоспарласа, онда тиісті санаттағы визаны ресімдеуі тиіс. Елде визасыз болу мерзімін ұзарту қарастырылмаған. Бұл қағиданы бұзу әр күн үшін 10 оман риалы (шамамен 26 АҚШ доллары) мөлшерінде ақшалай айыппұл салуға әкеп соғады.

Сонымен қатар сәуірден «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою қағидаларын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 26 маусымдағы № 856 қаулысына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 25 наурыздағы № 162 Қаулысы күшіне енді. Қаулыда «оралман» термині «қандас» сөзімен өзгертілді. Мұнан бөлек, егер 1 немесе 2-топтағы мүгедектік он сегіз жасқа толған, отбасы мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасы ретінде есепте тұрған мүгедек балаға белгіленсе, оның мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғынжай беру кезектілігі тұрғынжайды алғанға дейін сақталады деген тармақ енгізілді.

Бүгін елімізде бірінші сыныпқа баратындар үшін құжаттарды қабылдау басталды. 1-сыныпқа 6 жастан бастап балалар ата-анасының немесе білім алушылардың заңды өкілінің жеке өтініші негізінде қабылданады. Осы орайда мынадай құжаттар қажет: баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі; 026/у-3 нысаны бойынша денсаулық паспорты; 063/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат (екпе картасы) және 3х4 көлеміндегі фотосуреттің екі данасы.

5 сәуірден бастап елімізде бензин, дизель отыны және өзге де бірқатар мұнай өнімдеріне арналған акциз мөлшерлемесі артады. Айталық, осы уақытқа дейін бензин мен дизель отының көтерме және бөлшек саудадағы акциз ставкасы тоннасына 24 435 теңге болса, ендігі уақытта ол 38 134 теңгеге дейін артады.

Тұрғын үй субсидиясына өтінімдер қабылдау да 5 сәуірден басталады. Айта кетерлігі, Мемлекет басшысының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-мен бірлесіп, 2022 жылғы 1 мамырда жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялауға өтінімдер қабылдау жөніндегі цифрлық платформаның жұмыс істеуін қамтамасыз ету» тапсырмасы бойынша жұмыстар жүргізілді. Цифрлық платформаның тестілік нұсқасы 15 наурыздан бастап пилоттық режимде іске қосылды. Платформа Электрондық цифрлық қолтанба көмегімен өтінім беруді және өтінім берушінің талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексеруді көздейді. Тексеру Цифрлық даму, инновациялық және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Әділет министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті, Білім және ғылым министрлігі, Еңбек министрліктердің мемлекеттік деректер базаларымен интеграциялау жолымен жүзеге асырылады.


Соңғы жаңалықтар