Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы аясында Астанада «Өткен Ұлы тұлғалар бізбен бірге» атты көрме өтеді

Бұл туралы бүгін форумның ұйымдастыру комитетінің тең төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Төлеген Мұхамеджанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мысалы Үндістан Махатма Гандиді, Ұлыбритания Шекспирді, Ресей Лев Толстойды, ал біз Абайды ұсынамыз», деді Т. Мұхамеджанов.
Форумға 70 -тен астам елден келген 400-ге тарта делегат аталмыш көрмеде әр елдің мақтанышы, ұлы тұлғаларымен жете танысуға мүмкіндік алмақ.
Қонақтардың ішінде Габриэль Гарсия Маркес, Пауло Коэльо, Фри Бетто, Федерико Майор Сарагоса, Валентин Распутин, Никита Михалков, Леонид Рошаль, Олжас Сүлейменов, Михаил Горбачев, Герхард Шредер, Мохаммед әл-Барадеи, Яков Фон Икскюль сияқты қайраткерлер, Нобель сыйлығының лауреаты Феррит Орхан Памук, Голливуд актерлері Кери Хироюки Тагава, Арманд Ассанте, Марк Аллан Дакаскос келеді деп күтілуде.
Т. Мұхамеджановтың айтуынша, бұл форумның басты идеясы адам өркениетінің дамуындағы негізгі басымдық - руханилық екендігін жеткізу. Рухани құндылықтар адам өркениетінің дамуындағы барлық құндылықтардан жоғары тұратындығын жария ету.