Бұқпа тауы баурайында Мемлекеттік рәміздер күні атап өтілді
Бұқпа тауы баурайында қала тұрғындарының жиыны өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Атап айтқанда, 20-ға тарта көлік жүргізушілері мен байкерлер еліміздің көкбайрағын желбірете көшелерде сап түзеп өтіп, Бұқпа тауында басқосты. Жалаулар шеруін салтанатпен жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері, мектептер мен лицейлер оқушылары, «Жасыл ел» студенттер жасақтарының мүшелері, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер, ұлттық мәдени орталықтар, мекемелер мен кәсіпорындар, шағын және орта бизнес өкілдері, ауған соғысы ардагерлері қарсы алды. Ұлы Отан соғысының ардагері Асылбек Дәулетов, қалалық мәслихаттың депутаты Олег Толкайлов, белгілі спортшы Алена Кирсанкина Мемлекеттік рәміздер күніне байланысты ойларымен бөлісіп, болашаққа нық қадаммен жол бастауға шақырды. Мерекелік іс-шара аясында тау баурайында мыңға тарта жас көшет отырғызылды. Жастар жасақтарының үздіктеріне, оқу озаттарына арнайы сый-сияпаттар табысталды.