Бұланды ауданының басшысы «Әкім сағатында» тұрғындар сауалдарына жауап берді
«Қазақстан-Көкшетау» филиалының директоры Жалғасбек Маратұлының айтуынша, бүгінгі күнге дейін өңірдің Аршалы, Атбасар, Ақкөл аудандары мен Степногор қаласының әкімдері тікелей хабарға қатысып, жергілікті тұрғындардың сан-алуан сауалдарына нақтылы жауап беріп, бірқатарын өз бақылауларына алған. Облыстық әкімдіктің қаржылай қолдауы арқылы аймақтың он аудан орталығында хабар тарату желілері іске қосылып, нәтижесінде 15 аудан облыстық телеарна хабарларын сол мезетте көруіне мүмкіндік алған. Сонымен бірге студияда қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, техникалық мүмкіндігі жетілдірілген көрінеді. Міне, осыған сәйкес биылғы жылы «Әкім сағаты» тікелей жүздесуіне сол аймақтар жұртшылығы қатысу мүмкіндігіне ие болған. Бір ескерері әр хабарға екі жүзден астам сауал келіп түссе, олардың деніне сол уақытта, қалғандарына жергілікті басылым беттерінде жауап қайтарылады. Былайша айтқанда әр сауал артында адам тағдыры екендігі естен шығарылмайтын болып отыр.