БҰҰ БА 66-сессиясының жарыссөздері аяқталған соң ҚР Президенті Нью-Йорктен ұшып шықты

Осыған дейін хабарланғандай, 21-22 қыркүйекте АҚШ-қа жұмыс сапары аясында Н.Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 66-сессиясының жалпы жарыссөздеріне қатысып, мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Сессияға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы бірнеше мәлімдеме жасады
Онда Нұрсұлтан Назарбаев сөз басында Тәуелсіздік алғанына 20 жыл толған Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысын ұдайы берік ұстанумен келе жатқанын қадап айтып өтті. Елбасымыз еліміздің әлемдік қоғамдастық үшін аса маңызды екі ірі істі бастап бергенін еске салды. Оның біріншісі - Қазақстанның Семей ядролық полигонын жауып, ядролық қарусыз әлемге адамзат тарихында алғаш қадам басқандығы. «Бұл менің елімнің жаһандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан ұлы үлесі», - деді Мемлекет басшысы.
«Екіншіден - біз мен осыдан он тоғыз жыл бұрын ұсынған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыруға қол жеткіздік, Бүгінде оның жұмысына жер шары халқының тең жартысын қамтитын 29 ел қатысады», - деді Н. Назарбаев.
«Өткен жылы Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасады. Біз Ұйым қызметінің барлық өлшемдеріне серпін бердік. Он бір жылғы үзілістен соң алғаш рет ЕҚЫҰ-ның Саммиті Астанада өтті. Астана декларациясының қабылдануы Еуро-Атлантика және Еуразия кеңістігіндегі ортақ және бөлінбейтін қауіпсіздік қоғамдастығын қалыптастыру мақсатында ЕҚЫҰ-ның нығаюына ықпал етті. Қазақстан ЕҚЫҰ мен АӨСШК-нің келешектегі әлеуетін біріктіре отырып, Еуразиялық қауіпсіздіктің бірыңғай платформасын құруды ұсынды», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы хабарлағандай, Қазақстан 2017-2018 жылдарға арналған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өзінің кандидатурасын ұсынды.
ҚР Президенті сонымен қатар Қазақстанның палестиналық мемлекетті құруға да қолдау көрсетіп отырғанын жеткізді.
Қазақстан басшысы біздің елдің бірқатар ұсыныстары мен бастамаларын да айта кетті
Біріншіден, бұл жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселесі. Біз жалпыға бірдей ядросыз әлем декларациясын әзірлей бастауды ұсынамыз. Осы орайда Президент ядролық мемлекеттерді іс жүзінде өздерінің амбицияларынан бас тартуды және тегіс қамти алатын шартқа қосылуға шақыратын әлемдік қоғамдастықтың ұжымдық үндеуін қабылдауды ұсынды.
Екінші. Экономикалық үдерістердің жаһандану деңгейінің өсуі БҰҰ-ның экономикалық қызметін құраушы парадигманың ауысу қажеттігін талап етеді. Осы тұрғыдан келгенде, Жаһандық реттеу туралы пакт жасау идеясы көкейкесті болып табылады.
Үшінші. Ақпараттық кеңістік - бұл адамзат болашағы үшін жер байлығы, әуе және су әлемі, ғарыш сияқты маңызды сала. Жаһандық-ақпараттық кеңістіктің халықаралық құқықтық базасын қалыптастыруды маңызы зор. Бұған 2002 жылы қабылданған БҰҰ Бас Ассамблеясының киберқауіпсіздіктің жаһандық мәдениетінің 9 элементі туралы қарары негіз болады.
Төртіншіден БҰҰ-ның бітімгершілік күш-жігері қорын құру туралы ұсынысыын қайта қайталады.
Бесінші. Бүгінде жаңа өмір шындығын есепке ала отырып, ішкі жанжалдарды реттеуге әлемдік қоғамдастықтың қатысуы заңды болып табылатын шектерді нақты айқындап, мемлекеттердің ұлттық егемендігіне қатысты халықаралық құқықтың нормаларын жетілдіру қажет.
Алтыншы. Егер БҰҰ қауіпсіздіктің өңірлік құрылымдарымен тығызырақ іс-қимыл танытатын болса, онда Жердегі бейбітшілік тек беки түседі. «Еуразия өңіріне қатысты айтатын болсам, бұлар - АӨСШК, ШЫҰ, ҰҚШҰ, - деді Президент.
Жетінші. Қазақстан Астана қаласында БҰҰ аясында Әлемдік және дәстүрлі діндер съездерін өткізуді ұсынып отыр.
Одан кейін БҰҰ штаб-пәтерінде Мемлекет басшысының қатысуымен брифинг өтіп, мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер болып өтті. Сонымен қатар Қазақстан Президенті БҰҰ штаб-пәтерінде ядролық қауіпсіздік бойынша жоғары деңгейлі отырысқа қатысты.