БҰҰ Балалар қоры дәрумендермен байытылған ұнды тұтынуды насихаттаған журналистерді марапаттады
Шара барысында сөз алған ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің орынбасары Елена Сельченок Денсаулық сақтау министрлігі, Астық өңдеушілер және наубайшылар одағы, сондай-ақ Қазақ тағамтану академиясының бірлесе жұмыс істеуі барысында елімізде құрамында темірі бар дәруменді премиксті өндіруді ұйымдастыру жолға қойылғандығын атап өтті.
Аталған байқауды ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда 2009 жылғы қыркүйектің 10-ында басталып, ағымдағы жылы ақпанның15-інде аяқталған байқау ана мен бала денсаулығын жақсартуға және балалардың тірі қалу, даму құқығын қорғау мақсатында дәрумендермен байытылған ұнды насихаттау үшін ұйымдастырылған. Байқаудың негізгі мақсаты ана мен бала денсаулығын қорғауға қоғам назарын аудару, елімізде ұнды дәрумендермен байыту проблемасын кең көлемде насихаттауға, аталған мәселе бойынша халықты ақпараттандыруға бағытталған.
БҰҰ Балалар қоры, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Жаһандық тамақтануды жақсарту альянсы ұйымдастырған байқаудың қорытындысы бойынша бірінші орын үш тілшіге бірдей беріліп, ноутбуктер табыс етілді. Олар: «Приуралье» Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Наталья Горохова, «Ұлан» газетінің тілшісі Гүлфарида Зейнуллина және Семей қаласындағы «Қазақстан» арнасының тілшісі Раушан Мусина. Ал екінші жүлделі орынға иеленгендер қатарында «ҚазАқпарат» агенттігінің Алматы қаласындағы қосының тілшісі Елена Ильинскаяның есімі аталды. Екінші, үшінші орын алған журналистерге сандық фотоаппарат және диктафон табыс етілді.
Бір қызығы аталған байқауға елорданың №50 мектеп лицейінің 6 сынып оқушысы Әмина Бейсенбі де қатысыпты. Ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлықпен марапатталған ол қазіргі уақытта дүкен сөрелерінде самсап тұрған қытырлақ нан, түрлі газды сусындардың адам ағзасына зиянды екендігін айта келіп, «үлкендер осы өнімдердің орнына қазақтың ұлттық тағамдары қымызды, шұбатты, құртты насихаттап, сатылымға мол шығарса екен», деген тілегін жеткізді.