07:59, 24 Тамыз 2016 | GMT +5
БҰҰ Бас хатшысы лауазымына үміткерлер саны 10-ға дейін азайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сейсенбі күні Черногория СІМ басшысы Игорь Лукшич БҰҰ Бас хатшысы лауазымына үміткерліктен бас тартты, осылайша үміткерлер саны 10-ға азайды. Бұған дейін дауыс берудің алғашқы раундында өз кандидатурасына қарсы 11 дауыс жинаған Хорватия СІМ бұрынғы басшысы Весна Пусич те үміткерліктен бас тартып еді, деп хабарлады Утро.ру.
БҰҰ Бас хатшысын сайлаудың үшінші раунды 29 тамыз күні өтеді. Мықты үміткерлер қатарында 2015 жылға дейін БҰҰ босқындар ісі бойынша жоғарғы комиссары болған Португалияның бұрынғы премьері Антониу Гутерриш және Словенияның бұрынғы президенті Данило Тюрк бар.
Жаңа жылдан бастап БҰҰ басшысының орны босайды - қазіргі Бас хатшы Пан Ги Мун өзінің екінші бесжылдық мерзімін аяқтайды және 2017 жылдың 1 қаңтарында орнын босатады. БҰҰ Бас хатшысын Қауіпсіздік кеңесінің ұсынысымен БҰҰ Бас Ассамблеясы тағайындайды. Нақты кандидат қазан айында анықталуы тиіс.
Фото: © РИА Новости. Сергей Гунеев