БҰҰ-дағы бастама: Экономика мүмкіндіктерін кеңейту арқылы бейбітшілік платформасы қамтылу керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі жаһанданған әлем үшін «оңаша жүріп, оза дамимын» деген қағидат мемлекеттердің ұстанымынан қалыс қалып бара жатқан тәмсіл болып табылады. Дүниедегі дағдарыс, аяқ астынан туындап әлемді алаңдатқан сын-қатерлер түрлі мемлекеттерге кеңесудің, ортақ шешім қабылдай отырып, бірлесе күресудің қажеттілігін мейлінше сездіріп келсе керек. Осылай болғанда ғана дағдарыс дауылы саябырсиды, салдары мен зардабы да жеңіл болады.
None
None

Әйтсе де, бүгінгі геосаяси ахуал, жетекші елдер санатындағылардың өзара санкциялары, сондай-ақ қайта тұтанғалы сәл-ақ тұрған «қырғи қабақтық» жағдайлар бірлесуді болдырмай отыр. Дегенмен, дүние дамуы алдындағы мәселенің бәрін көлденең тұрған кеселдерге тірей бермей одан шығар жол табу аса өзекті. Осы тұрғыдан алғанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70 жылдық мерейтойлық жиынында жасаған бастамалық ұсыныстары бүгінгі жаһандық даму үшін мейлінше өзекті әрі халықаралық қатынастардағы сондай олқылықты дөп басып отыр. Мерейтойлық мәртебелі мінберден Мемлекет басшысының бес негізгі бастамасын бөле жара айтуға болады. Соның ішінде ең өзектісі - дүние елдері үшін экономикалық дамуға дем беру. Бұл ретте Қазақстан Президенті Н. Назарбаев биік мінберден: «Мен Біріккен Ұлттыр Ұйымының Экономикалық және әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесіне айналдыруды ұсынамын» деген болатын.

Президент бұл ретте Жаһандық даму кеңесінің құрамына БҰҰ Бас Ассамблеясы сайлаған мүше мемлекеттермен қатар, БҰҰ мамандандырылған мекемелерінің барлық басшыларын, соның ішінде Халықаралық Валюта қорының басшыларын да тартуға, енгізуге болатынын айтып еді. Елбасы мұндай кеңеске жаһандық экономиканың міндеттері жүктелуі тиіс екенін де қадап айтты. Шындығында, БҰҰ мінберінде дүние экономикасының мәселесіне мән беріп, әлемдік дамуға қатысты мәлімдеме жасап, төтеден тың ұсыныс айтудың өзі батыл қадам екені айтпаса да түсінікті. Өйткені, жаһандық дағдарыстың дендей түсуі, оған қарсы қалқан ретінде ұсталатын қаржы құралдарының қауқарсыздығы, валюталық дегбірсіздік пен әлеуметтік дүрбелеңдердің қозуы секілді проблемалалар - бұл бір елдердің не болмаса белгілі бір өңірлердің ғана емес, үлкен кеңес арқылы шешімін тауып, БҰҰ деңгейінде реттеуді талап ететін халықаралық проблема. Сондықтан да, Елбасының кезекті жаһандық бастамасын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұған дейінгі ұсынған «G-global» секілді әлемді бірігуге шақырған үндеуінің жалғасы деп ұғынған да ләзім. Бақсақ, «G-global» жобасының өзі бүгінгі экономикалық дағдарыстан шығудың жолын іздеуге, ортақ ой, пайымды пікір алмасу арқылы тың идеялар тудыруға арналған ашық та ауқымды алаң екені белгілі.

Бұған бір ғана мысал: біз білетін адамзат тарихында ең көп соғыс болған аймақ - Еуропа. Өткен ғасырларда тарихта қалып, дүниеге жайылған соғыстардың басым бөлігі сол кәрі құрлықтан бастау алып отырғанын тарихшылар да айта алады. Алайда, бір кездегі «соғысшыл» Еуропа қазір сол «мінезін» түзегендей, енді соғысыз әлемге өздері мүдделі болып отыр. Қазір Еуропада аймақтық қақтығыстардың орын алуын ешкім болжамайды, керісінше ондағы елдердің өзі соғыссыз әлемнің қандай болатынын түсінген. Ал бұған осы елдердің экономикалық интеграциясы мен бірлесе дамуы арқылы қол жеткізгені айдан анық. Тоқ етері, «алдымен экономика сонан соң саясат» атты қағидат адамзат үшін игілікке бастайтын жол болуы да ғажап емес. Президенттің БҰҰ мінберіндегі ұсынысы да осындай ойдан туады деуге әбден негіз бар.

Айта кетерлігі, Елбасының БҰҰ мінберіндегі батыл бастамасына, соның ішінде жаһандық экономика мәселесіне қатысты ұсыныстарын сарапшылар да жоғары бағалайды. Мәселен, Еуразиялық интеграция институты Экономикалық зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Владимир Тельнов Президенттің халықаралық бастамасының мәні зор екеніне бек сенеді. Оның айтуынша, бүгінгі әлемде орын алып жатқан көптеген жағдайлар, бірқатар оқиғалардың түп төркіні міндетті түрде эконо­мика мәселесіне келіп тіреледі. Сондықтан да, сарапшы Президент ұсынысының ұтымды екенін айтып, бүгінде жаһандық қо­ғамдастыққа үлкен өзгерістер қажеттігін, ал ондай өзгерістер әлемдік эко­но­микада жүзеге асырылып жат­қан үлкен қайта құру құры­лымдарымен тікелей байланысты болуы тиістігін сөз етеді.

Ал экономикалық дағдарыстың қоғам дамуына, өркениет өмірінен бастап, әлеуметтің әлеуетіне дейін қуатты әсер етіп жатқанын түсінсек, онда Қазақстанның «алдымен экономика, содан кейін саясат» деген қағидатының көпшілік саясаткерлердің мойындай бастауы да бекер еместігін аңғарамыз. Өйткені, Президент өз сөзінде экономикалық дамудың деңгейі көтерілген сайын көптеген проблемалар, соның ішінде жаһанның күн тәртібінде тұрған мәселелер біртіндеп өздігінен, өз бетінше шешіле беретінін де айтқан еді. Соның ішінде, тіпті қақтығыстар мен шиеленістерді де атауға болатындай. Өйткені, мұндай қақтығыстардың бір ұшы әлеуметтік дағдарыстардан да туып жатқаны анық. Сондықтан да, тіршілікті түзеп, тұрақтылық пен тыныштықты сақтау үшін саясатты емес, алдымен экономиканы түзеу керек.

«БҰҰ Бас Ассамб­леясының 70-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев жаһандық деңгейде күн тәртібінде тұрған мемлекеттер құрылымдарын қирату, терроризм, көші-қон мен босқындар және тағы да басқа кері құбылыстар мен өзекті мәселелердің барлығының өзегінде экономикалық дағдарыс, оның ішінде кедейшілік, сауатсыздық, жұмыссыздық секілді күрделі жайттар жатқанын атап өтті. Сондықтан да, егер адамзат алдағы онжылдықтарда әлемде бейбітшілік орнағанын қалайтын болса, ол үшін экономикалық тетіктердің мықты болғанын және Жер шарындағы елдердің эко­но­микалық жағынан бай-қуат­ты бол­ғанын назарда ұстауға тиіс. Мәселен, қазір «Еуропада ешқандай соғыс бастай алмайсың» деген түсінік қалыптасқан. Неге? Себебі, барлық экономика бір-бірімен біте қайнасып, өзара «шырмалып» кеткен. Егер, сен қандай да бір елге қарсы шығатын болсаң, ал ол елде сенің қандай да бір кәсіпорындарың жұмыс істеп жатса, онда сен өз-өзіңе қарсылық көрсеткен болып шығасың. Бұл түсініктің астарында, міне, осындай ой жатыр деуге де болады. Демек, біз халықаралық экономикалық қатынастарды тиімді ету үшін мемлекеттердің экономикаларының өзара мүмкіндіктерін кеңейту, сол арқылы «бейбітшілік платформасын қалыптастыру» жолдарын жан-жақты қарастырғанымыз жөн», - дейді сарапшы Владимир Тельнов.

Осы ретте айта кетерлігі, бүгінгі әлем ұрынып отырған экономикалық дағдарыстың басты себептерінің бірі геосаяси текетірестердің ушығуынан туып жатқаны да жұртшылыққа белгілі. Осыдан келе, Президент Н. Назарбаевтың БҰҰ мінберінде көтерген тағы бір ұтымды мәселесі - бұл халықаралық құқыққа қатысты проблемалар. Парламент Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов БҰҰ мінберіндегі осындай проблеманың Елбасы тарапынан көтерілуі зор мәртебе болғанын алға тартады. «Шындығында, халықаралық құқық проблемасы бүгінгі дәуірдің ең үлкен мәселесі. Қай жерде, қай өңірде болмасын, мыңдаған адам қырылып, жазықсыз қан төгіліп жатыр. Миллиондаған адам атамекенін тастай көшіп, босқынға айналуда. Бұл бір жағынан гуманитарлық апатқа ұласып, экономикаға да «салқынын» тигізуде. Ал оның салдарын талдау үшін қай тарапты тыңдасаң да өзінікін дұрыс санайды, әркім өзінің ұстанымын жақтап шыға алады. Алайда, миллиондаған адамның тағдырын тәлкек ететіндей құқық болушы ма еді? Елбасы Н. Назарбаев дәл осы тұста салиқалы пікір тастап, халықаралық құқықтың мәртебесінің өзі дағдарысқа ұшырағанын алға тартты. Түйіндей айтқанда, Н. Назарбаев әлемдік лидерлердің басын қосып, ортақ жиын өткізіп, әлемдік тәртіпке бағынуға шақырады. Бұл әлемге қажет», - дейді Камал Бұрханов.

Әлем халықтарының бас мінберінде Мемлекет бас­шысы қазіргі таңда­ғы қаржылық дағдарыстарға сәйкес, жаһандық экономикалық жүйедегі олқылықтармен күресу тетігіне де өз ұсынымын жасады. Президент бұл ретте БҰҰ-ға мүше елдердің күш-жігерін жаһандық орнықты даму мен өсіп-өркендеу мақсаттары мен міндеттеріне жауап беретін ұлтүстілік әлемдік валюта жасау бойынша біріктіру қажеттігі туралы ойын ортаға салған еді. Сарапшы Владимир Тельновтың айтуынша, бұндай идеяны жүзеге асыру үшін белгілі бір қағидат немесе теориялық кедергілер жоқ. Бірақ, әр елдің өз ұстанымдары бар екені де ескерілмей қоймасы анық. Себебі, әр ел өзіне тиімді тұстарды көздейді. Ал ол үшін белгілі бір экономикалық даму кезеңдеріне өту қажет. «Бүгінде әлемде түрлі күштер бар. Бірінші жүйе - бұрыннан келе жатқан, қалыптасқан, ескірген жүйеден ажырағысы келмесе, енді бірі қазіргі таңдағы экономикалық жүйенің жаңарғанын қалайтын, ықпалдастықтың жаңа жолдарын іздейтін, әлемде халықаралық және интеграциялық қарым-қатынастардың барынша демократиялық тетіктерге негізделгенін қолдайтын күштер. Бұл ретте, әрине, жаһандағы түрлі көзқарастардың «әрі тарт та, бері тарт» ұстанымынан алшақтап, бір жерден шыққаны маңызды. Сондықтан, бұл жерде де Қа­зақ­станның Шығыс пен Батыс арасын жалғай әрі байланыстыра алатын дәнекер рөлі байқала бастады. Елбасы Н.Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясы 70-ші сессиясында сөйлеген сөзі осыны анық аңғартты», - дейді В. Тельнов.

Түйіндей айтсақ, БҰҰ Бас мінберіндегі Елбасы Н. Назарбаевтың сөйлеген сөзінен Ұлт көшбасшысының саяси философиясы әлемдік деңгейдегі маңызға ие екенін аңғара аламыз.

Соңғы жаңалықтар