БҰҰ мәртебесін көтерген Наурызды ресми жыл басы қылсақ жарасар еді - Мәжіліс депутаты Аманкелді Момышев
елдердің Парламенттік Ассамблеясының мүшесі Аманкелді Момышев Қазақ ақпарат агенттігіне сұхбат беріп, өз ойларымен бөлісті.
- Аманкелді Аршабайұлы, мемлекетіміздің ұлық мейрамына қатысты жаңалықты қалай қабыл алдыңыз?
- Біріккен Ұлттар Ұйымының наурыздың 21-і - «Халықаралық Наурыз күні» деген қарар қабылдағанын ерекше қуанышпен қарсы алған жанның бірімін. Бұл - Қазақстан секілді көптеген елдердің мемлекеттік мейрамы. Біраз мұсылман елдері де, түркі тілдес халықтар да Наурызды тойлайды. Наурыз «жаңа күн» деген мағынаны береді. Бүгінгі таңда дүние жүзінің көптеген елдері жыл сайын Жаңа жыл мерекесін атап өтеді. Біз Кеңес одағы кезінде қалыптасқан жүйе бойынша Жаңа жылды бастап жүрміз. Өйткені қаңтардың 1-нен бастап жаңа жыл басталады. Әр жүз жыл сайын жаңа ғасыр бастау алады. Сол секілді Наурыз мерекесі де шығыс халықтарының ортақ мейрамы, жылдың басталуы. Мәселен, биыл наурыздың 21-і күні Сиыр жылы аяқталып, наурыздың 22-сі күні Барыс жылы басталады.
Ал енді БҰҰ өз қарарымен бекітіп отырған соң, Наурыз мейрамына кезекті бір мереке деп қарамауымыз керек. Жаңа көзқарас, жаңа бетбұрыс қажет. Бүгінгі таңда Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ауғанстан, Иран мемлекеттері Наурызды ұлық мереке деп санап, Біріккен Ұлттар Ұйымына ұсыныс түсірген. Бұған Македония, Албания, Үндістан елдері де қосылып отыр. Бұдан басқа елдерде де Наурыз мейрамы аталып өтеді. Айталық, Ресейде тұратын түркі тілдес халықтар жыл сайын Наурызды мерекелеуді дәстүрге айналдырған. Еуропа елдеріндегі бауырлар да өз орталарында ынтымақ пен берекенің мейрамы ретінде атап өтеді. Жер шарының біраз бөлігі Наурыз мейрамын ерекше қуанышпен қарсы алады.
- Сіздің қандай ұсыныстарыңыз бар?
- Осы орайда алдағы уақытта біздің елде де Жаңа жылды наурыздың 22-сінен бастауды ойластырғанымыз жөн. Алғашқыда барлық ісімізді болмаса да, біртіндеп көше беруімізге әбден болады. Тіпті еліміздің әр саласындағы қорытынды есептерін де наурызға сәйкес келтіруге болады. Бұл менің жеке пікірім.
Бұған дейін де жақсылыққа балап қазақтар жаңа істерін наурызда бастаған. Қазақтың көптеген газеттерінің алғашқы саны наурыздың 22-сі күні шыққан. Атап айтқанда, қазіргі «Жас Алаш» газетінің алғашқы саны 1921 жылы наурыздың 22-сі күні шыққаны белгілі. «Ана тілі» (1990), «Нұр-Астана» (2004) газеттері де оқырмандарға наурыздың 22-сі күні жол тартқан.
Әр елдің, әр құрлықтың өзіндік ерекшелігі бар. Мейрамдары да соған сәйкес келіп отырады. Айталық, Қытайда, Филиппинде, Кореяда Жаңа жылды ақпан айында жұмыстарын доғарып қойып, апталап тойлайды. Ресей де «Рождество» күнін мерекелеуді бір аптаға жеткізді.
Біз шығыстық елміз. Шығыстың Еуропаға сәйкес келмейтін өзіндік ерекшеліктері мол. Жастарымызды Наурыздың ұлық мереке, жылдың бастауы екеніне бейімдеуіміз керек. Өткен жылы заңға өзгерістер енгізіліп, Наурыз мейрамы үш күн аталып өтетін болды. Халқымыз осы күндері көктемнің басталуын, дүниенің жаңаруын сезініп, ертеңге деген сенімдері нығая түседі. Мағынасыз той-думан өткізбей, әр адам: «Өткен жылы қол жеткізген табыстарым қайсы, қандай істерімді жүзеге асыра алмадым? Алдағы жылға деген басты жоспарларым қандай болмақ?» деп өз-өзіне есеп беріп, өткен күннен сабақ алып, алдағыға көз жүгіртуі қажет деп ойлаймын. Тәуелсіз Отанымызға қызмет етіп жүрген әр азамат «Мен Наурызға қандай табыспен келіп отырмын?» деп ойлануы керек.
Наурыз бір ұлттың мерекесі емес. Қазақстан сияқты көптеген ұлт өкілі қоныстанған мемлекеттерде тіліне, дініне қарамастан, ол жалпыхалықтық ортақ мейрам ретінде аталып өтуі қажет. Бізде солай тойлаудың дәстүрі қалыптасып келеді. Өйткені Наурыз - достықтың, ынтымақтың, ырыс-берекенің, жаңарудың мерекесі. Наурыз халықтарды бірлікке шақырады.
Өткен жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» қолданыстағы заңға толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес Наурыз мейрамы наурыз айының 21-і, 22-сі және 23-і, яғни, үш күн аталып өтетін болды. Осы толықтырулар енгізілген кезде депутаттар да қызу қолдаған болатын. Мемлекет басшысы бұл заңға 2009 жылы сәуірдің 22-сінде қол қойды.
Түркі тілдес және Наурызды тойлайтын ислам дінін ұстанған елдермен арадағы ынтымақтастық қарым-қатынасымызды, соның ішінде экономикалық, мәдени-рухани саладағы байланысымызды дамытуымыз қажет. Осы мақсатқа жету жолында Наурыз мейрамының рөлі зор. Наурызда ел мен елдің арасына делегациялар жіберіп, өз мемлекетіміздің жетістігін, халқымыздың ізгі салт-дәстүрін өзге елге танытуымызға толық мүмкіндігіміз бар. Әр елде Наурыздың тойлануы туралы отандық сайттарға, газеттер мен журналдарға оқырмандар сүйсініп оқитындай материалдар мен фотосуреттер жарияланса, телеарналарымыз деректі фильмдер түсіріп көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді! Мұндай игі істер де халықтарды жақындастыруға, мемлекетаралық байланысты арттыруға, бейбітшілікті сақтауға бағытталатыны анық.
- Наурыз мейрамы да жақындап келеді. Сайлаушыларға, ел тұрғындарына айтар тілегіңіз қандай?
- Осындай ақжолтай жаңалыққа орай елдің қарапайым бір азаматы ретінде Қазақстан халқына айтар тілегім - Наурыз елімізге және әр шаңыраққа құт-береке әкелсін! Алдымызға қойған мақсаттарымызға қол жеткізейік. Мемлекетіміз биылдан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауына сәйкес 2020 Стратегиялық жоспарын белгілеп отыр. Биік межелерден көрініп, әлемдегі әлеуметтік-экономикалық әлеуеті зор, бәсекеге қабілетті елдің бірі болу туралы мұратымыз орындалсын. Еліміз көркейе берсін!
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркі тілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы құрылды. Оның құрамына қазір Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан және Қырғыз елдерінің парламенттері еніп отыр. Мен осы халықаралық ұйымның мүшесімін. ТүркПА қазір бауырлас мемлекеттер арасын жақындастыру мақсатында көп жұмыстар атқаруда. Осы ТүркПА-ның негізгі көздеген мақсаттарының бірі - түркі тілдес халықтардың өнері мен мәдениетінің жаңа деңгейге көтерілуіне үлес қосу, ұлттық құндылықтарымызды бағалап, бір-бірімізге таныстыру. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымының биылғы ақпандағы айтулы шешімі халықтық қуанышқа айналды. Барша қазақстандықтардың елдік мақсаттарға жету жолындағы қызметтеріне,бір Алла, береке бергей!
- Рақмет әңгімеңізге, айтқан тілегіңіз қабыл болсын!