БҰҰ-ның Женевадағы дипломаттарына Қазақстанның ЕХРО-2017-ні өткізуге өтінімі таныстырылды
ҚР Экономикалық интеграция істері жөніндегі министрі Жанар Айтжанова мен ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі Сауда жөніндегі комитет төрағасы Айдар Қазыбаев Женева қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Финляндия, Норвегия, Маврикия және Уругвай елдерінің Елшілерімен және Тұрақты өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді.
Екіжақты кездесулер барысында шетел мемлекеттерінің өкілдері Қазақстан таңдаған «Болашақ энергиясы» тақырыбының маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінде әлемге дамудың жаңа - экологиялық қауіпсіз жолдары керек. Бүгінде Қазақстан «Жасыл экономикаға» бағдарланған. Біздің пікірімізше, болашақ энергиясы туралы пікірталас біздің заманымыздың анағұрлым әмбебап пікірталастарының бірі болып табылады және сол себептен EXPO-2017 көрмесі үшін миллиондаған адамды толғандыратын тақырып таңдап алынды», - деп атап өтті өз сөзінде министр Жанар Айтжанова.
Женевадағы БҰҰ жанындағы Уругвайдың Елшісі және Тұрақты өкілі, Латын Америкасы елдері тобының үйлестірушісі Лаура Дюпюи Лассере ханымның айтуынша, Уругвай Қазақстанның саяси тұрақтылығы мен экономикалық дамуының жедел қарқыны біздің елмізге ЕХРО-2017 көрмесін жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.
Бұл ретте Лассере ханым ЕХРО-2017 көрмесінің «Болашақ энергиясы» тақырыбы, Уругвайдағы электр энергиясының 50 пайызы баламалы энергиялық көздердің есебімен өндірілетінін ескергенде бұл ел үшін ерекше көкейкесті болып табылатынын атап өтті.
Екіжақты кездесу аясында Финляндияның Елшісі Пайфи Кайрамо-Хелла ханым ғаламшардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін елдердің аралас энергетикасына өтуге қызығушылығын білдірді. «Осыған байланысты «Болашақ энергиясы» тақырыбы өте маңызды және өзекті болып табылады», - деп атап өтті ол.
Бұдан басқа, 2012 жылдың 10 қазанында БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Женевада аккредиттелген дипломатиялық корпус үшін ЕХРО-2017 жобасының таныстырылымы өтті.
ЕХРО-2017-ні өткізу үшін дауыс беру 2012 жылдың 22 қарашасында Париж қаласында, Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының 152-ші сессиясы кезінде өткізіледі.