Бұзақылар жол полициясы қызметкерін соққыға жықты - Қарағанды

Салдарынан тәртіп сақшыларының бірі ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметі.
Полицияның мәліметіне қарағанда, келеңсіз оқиға 6 мамырға қараған түні қаладағы Гоголь көшесінде орын алған.
«Жол полициясының қызметкерлері «Мерседес» жүргізушісінің жол ережесін бұзғанын байқап, тоқтауға белгі берген. Талап орындалды, бірақ машина ішінен шыққан жүргізуші мен оның 5 жолаушысы жол сақшыларына тап берген. Алған соққы салдарынан 31 жастағы жол полициясының инспекторы ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, оның басы жарылып, миы шайқалған.
Бұзақылардың үлкені 27 жаста, ал ең кішісі - 20-да.
«Бәрі де алкогольді ішімдік ішкен. Олардан травматикалық тапанша алынды. Ұсталғандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды», делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.