Былтыр Қаржы нарығын қадағалау агенттігіне микрокредиттік ұйымдар қызметіне қатысты 37 өтініш түскен
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстанның микроқаржы ұйымдарын дамытудың нақты жағдайы мен перспективалары» атты дөңгелек үстел барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Микрокредиттік ұйымдар мен кредиттік серіктестіктердің қызметі ҚР Ұлттық банкі тарапынан да, Қаржы нарығын қадағалау және реттеу агенттігі тарапынан да қадағалауға жатпайды. Алайда, соған қарамастан, қолданыстағы заң олардың қызметі заңдылығының орындалуын талап етеді. Сонымен бірге Қаржы нарығын қадағалау агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, аталмыш органға 2009 жылы 35 микрокредиттік ұйым мен 2 кредиттік серіктестіктің қызметіне байланысты заңды және жеке тұлғалар тарапынан 37 өтініш келіп түскен», деді Индустрия және сауда министрінің орынбасары Қуандық Бешімбаев.
Оның айтуынша, өтініш берушілердің басым бөлігі өздері алған займдарды қайта қарап, өтеу мерзімін кейінге шегеруді, қарыздарды мемлекеттің сатып алуын сұраған. Бірқатар өтініш иелері микрокредиттік ұйымдардың займдар, оның ішінде ипотекалық несиелер берудегі заңдылығына қатысты түсінік беруді сұраған.
«Жалпы, Қазақстанда микрокредиттік ұйымдарды одан әрі дамыту үшін мемлекеттік құрылымдармен қоса бизнес қауымдастықтың да күш- жігерін жұмылдыру қажет етіледі. Сонымен бірге, микрокредиттеуді жоғары деңгейде ұйымдастыру аз қамтылған отбасылар үшін, оларды жұмыспен қамтудағы проблемаларды шешуге, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға септігін тигізері анық», деді вице-министр.