15:46, 02 Мамыр 2013 | GMT +5
Былтыр Қазақстанда жиналған салық 3 трлн. теңгеге жуықтады - Қаржы министрі
АСТАНА. 2 мамыр. ҚазАқпарат - 2012 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 3 трлн. теңгеге жуық салықтық түсімдер жинақталды. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде 2012 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндаған Қаржы министрі Болат Жәмішев мәлім етті.

Министрдің сөзіне қарағанда, 2012 жылы республикалық бюджетке сыртқы заемдарды қоспағанда 4 трлн. 889,2 млрд. теңге түскен. Яғни, бұл көрсеткіш жоспарға 100,7 пайызды құрайды. «Бұл ретте түсімнің негізгі бөлігі - 97,4 пайызын жалпылама түсімдер құрады және олар 4 трлн.763,4 млрд. теңгеге жетті. Бұның ішінде салықтық түсімдер 2 трлн. 975,6 млрд. теңгені (100,8 пайыз), салықтық емес түсімдер - 249,9 млрд. теңгені (103,7 пайыз) құрады. Ал негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер 17,3 млрд. теңгені (87,7%), трансферттік түсімдер 1 трлн. 520,7 млрд. теңгені (100.2%) құрады», - деді Қаржы министрі.