Былтыр қазақстандық тауарлар экспортының географиясы 107 елді қамтыды

Дейтұрғанмен, отандық экспорттың 90 пайызы негізінен, 20 елге бағытталған. Олардың арасында Қытай, Италия, Франция, Нидерланды, Австрия, Канада, Германия, Ұлыбритания, Румыния, Швейцария және басқа да елдер бар. Бұл туралы ҚазАқпаратқа Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Министрлікке қарасты «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, отандық өңделген өнімдердің негізгі тұтынушыларына Ресей және Қытай нарықтары жатады. Аталмыш елдерге шикізаттық емес тауарлар экспорты көлемінің 40 пайыздан астамы экспортталған. Ал осы экспорттың қалған бөлігі, негізінен ТМД елдеріне жөнелтілген.
«Жалпы алғанда, республиканың сыртқы сауда айналымы 2010 жылы 2009 жылмен салыстырғанда төрт есеге артып, 89 млрд. АҚШ долларын құраған. Бұл ретте қазақстандық экспорт 37 пайызға артып, 60 млрд. АҚШ долларына жеткен. Бұның 16 млрд. АҚШ доллары өңделген экспорт көлеміне тиесілі. ІЖӨ-ге шаққандағы таза экспорттың үлесі 2010 жылы 20 пайызға тең. Өңделген өнімдер экспортының құрылымында, бұрынғысынша, аралық тұтыныстағы өнімдердің үлесі басым болып отыр. Бұл - жалпы көлемнің 85 пайызын құрайды. Бұл санатқа одан әрі өңдеуді қажетсінетін және тұтыну тауарлары өндірісінің шикізаты болып табылатын тауарлар кіреді. Мәселен, бұл металл құрамалары, аккумуляторлар, бұрандар мен машина мен құрал-жабдықтардың өзге де бөліктері», - делінген баспасөз баянында.