16:50, 25 Мамыр 2009 | GMT +5
Былтыр Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 35,5 пайызға, оның ішінде экспорт 49,1 пайызға артты ? Қаржы министрі
АСТАНА. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2008 жылы Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 35,5 пайызға, оның ішінде экспорт 49,1 пайызға артты.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламентінің Мәжілісінде Үкіметтің 2008 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін таныстырған Қаржы министрі Болат Жәмішев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің айтуынша, 2008 жылғы сыртқы-экономикалық тауар айналымы 2007 жылмен салыстырғанда 35,5 пайызға артып, 109,1 млрд. теңгені құрап отыр. Бұның ішінде экспорт 71,2 млрд. доллар шамасында болып, оның көрсеткіші алдыңғы жылға қарағанда 49,1 пайызға өскен. Ал былтырғы импорт 37,9 млрд. долларды құрап, 15,7 пайызға өскендігі байқалды. Сонымен бірге, негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемі 2007 жылға қарағанда 40,6 пайызға артты.
«Экономиканың мұнай секторына тәуелділігін болдырмау мақсатында 2008 жылы республикалық бюджетті мұнайға жатпайтын кірістер есебінен қалыптастыру тәжірибесі ұсынылды. Күрделі экономикалық ахуалға қарамастан, өткен жылы бюджеттің кірісі жоспардың 99,6 пайызын құрады. Сондай-ақ былтыр даму институттарының бюджетін қаржыландыру мақсатында Ұлттық қордан бюджетке 1 млрд. теңгеден астам қаражат тартылған», - деді Қаржы министрі.